Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Шымкентте әмеңгерлікпен тұрмыс құрған 6 балалы ана қоқыс теріп, күн көріп жүр (фото, видео)

Опубликовано:

Шымкенттік көпбалалы ана Гүлсім Қыстаубаева кішкентай перзенттерімен кішігірім үйде тұрып жатыр. Оның өзін жалға алады. Үлкендеу үйге жағдайы келмейді. Өйткені алты баланы киіндіріп, ас-ауқат тауып беру жалғызбасты ана үшін кәдімгідей ауыртпашылық салуда.

Кейде қоқыс теріп, күнелтуге тура келіп жүр. Перзенттерді бір өзі тәрбиелеп отырған ана мен әкесіз өсіп келе жатқан балалардың бүгінгі күйін NUR.KZ тілшісі өз көзімен көріп қайтты.

38 жастағы Гүлсім Жарылқасынқызының жесір қалғанына биыл 8 жыл. Тура сегіз жыл бұрын отбасымен күн көру үшін Сарыағаш ауданынан Алматы жақтағы Қапшағайға қоныс аударады. Ол кезде Гүлсім бес баланың анасы еді. Тағдырдың жазғаны болар, жолдасының қан қысымы көтеріліп, тіл тартпастан көз жұмыпты.

Сондағы асханалардың бірінде ыдыс жуушы болып жұмыс істеп жүрген ананы қайын жұрт жағы көне дәстүр бойынша қайын ағасымен қосады. Марқұм күйеуінің ағасы бұрын бір рет шаңырақ көтерген. Дәм-тұзы жараспаған соң ажырасып кетіпті.

Жесір қалған Гүлсім қайын жұртының сөзіне қарсы шыға алмастан, амалсыз көндігіп, қайын ағасымен қосылады. Бұл неке де сәтсіз аяқталыпты. Екі айдай бірге тұрған олардың мінездері сай келмепті. Содан ол бала-шағасымен бірге Шымкентке қоныс аударады.

Арада біраз уақыт өткен соң жүкті екенін біледі. Ішке біткен баладан бас тартуға батылы бармаған әйел алтыншы перзентін босанады. Баспанасы жоқ ол алғашында 11 мөлтек аудандағы пәтерлердің бірін жалдап тұрған. Бірақ, пәтер ақысы қалтаға кәдімгідей салмақ түсірген соң қаланың шет жағындағы жер үйлердің біріне көшеді.

Үй деген атауы болмаса, кәдімгі кепе секілді. Кіреберіс және шағын жатын бөлмесі ғана бар. Кереует деген балалар үшін кәдімгі арман. Күміс алқа иегері Гүлсім мемлекеттен берілетін қаржылай көмек алты баланың ішіп-жемі мен керек-жарағына кейде жетпей де қалады дейді.

Сол себептен жұмыс істеуге мәжбүр.  Шымкентке көшіп келген ол Самал-3 шағынауданындағы полигонда қоқысты реттеуші болып жұмысқа тұрады. Жалақысы істеген жұмысына қарай. Қолына алатыны айына - 15-20 мың теңге.

«Қоқыс полигонында жұмыс істеп жүріп ол жақтан үйге қажетті отынды теріп келемін. Ол жұмыстың барына да шүкір. Қоқыстан тергендерімді керек-жарағыма жаратып отырмын. Кейде тұрғындардың ескі-құсқы киімдерін үйге алып келіп, бір жуып, бала-шағамды сонымен киіндіріп жүрмін. Балаларым тек оқу жылының басында ғана жаңа киім киеді. Қалғанының бәрі қоқыстан алып келген киімдер», - дейді жалғызбасты ана.

Ал күйеуінің туыстары көмек қолын бермек түгілі, жесір жүрген ананы «жеңіл жүріске салынып жүрген шығарсың?» деп жазғыратын да көрінеді.

Өткен жылдың соңында көпбалалы ана жұмыс істейтін алаң жабылып, қаланың шетіндегі Ақжар елдімекеніне көшіпті. Содан бері жесір әйел сонда түнелтіп жұмыс істеуге мәжбүр.

«Аптасына тек бір рет қана келіп тұрамын. Үлкен қызым мектепті бітіре сала Алматыға жұмыс іздеп кетті. Қазір көлік жуушы болып жұмыс істейді. Қолынан келгенше ақша жіберіп тұрады. Екінші қызым мен жоқта кішкентайларыма «ана» болып жүр. Тамағын жасап, сабағын қадағалап отырады. Көршілеріме де өтініш айтқанмын. Өзім жоқта оқта-текте балаларымның хабарын біліп тұрады. Тағдыр солай болған соң балаларымның да оған еті үйрене бастады», - деп көзінің жасын жасыра алмаған ана әрдайым балаларының қасынан табыла алмай жүргенін қынжыла айтты.

Көпбалалы ананың үлкен - Индира 17 жаста. Екінші қызы Аида 9 сыныпта оқыса, Аружан - 7 сынып оқушысы. Ұлы Ерасыл 6 сыныпта, кіші қызы Ақерке 5 сыныпта оқиды. Ал кенжесі Нұрасыл мектепке дейінгі дайындық бөлімінде білім алады.

Айтпақшы, шымкенттік Гүлсім Жарылқасынқызы мемлекеттен берілетін үйге кезекке тұрып үлгермеген. Құжат жинау үшін де біраз есікті тоздыруға келеді деген ол жұмыстан еш қолы тимейтінін алға тартты. Көпбалалы ана тігінші мамандығын алған.

«Тұрмысқа шыққаннан бері кәсіби түрде киім тігіп көрмеппін. Қолым да шығып қалған болу керек. Бірақ тігін машинасы болса, үйде отырып-ақ жұмыс жасар едім. Қолды қайта үйретуге болады ғой. Бастысы, балаларымның қасында жүргенге жетпейді», - деп те тілегін айтып қалды Күміс алқа иегері.

6  баламен қалған ана бұл өмірде қайырымды жандардың бар екеніне шүкіршілік етеді. Өзі тұратын саяжай жақтағы мешіт имамдары қолдарынан келгенше жәрдемдесіп тұрады екен. Өзге де мейірімді жандар айт секілді діни мейрамдар алдында үйлеріне азық-түлік пен көмір түсіріп береді.

Жаңа оқу жылында да жәрдемдесетіндер табылады екен. Сондай-ақ, жақында Шымкенттегі бір қайырымды азамат қала шетіндегі 12 сотық жерін Гүлсімнің атына аударып беріпті.

«Енді сол жерге баспана тұрғызып, балаларымның арманын орындасам деймін. Қыздарым «біздің де өзгелер секілді жеке бөлмеміз болса екен» деп армандайды. Бойжетіп қалған олар кейде менің қоқыс теретініме намыстанатынын да байқаймын. Бірақ қолымнан келер шара бар ма? Басқа жұмыс жоқ. Денсаулығым да сыр беріп жүр», - деген ана қайырымды азаматтардан көмек сұрайды.

Былтыр жалғызбасты әйел қатты сырқаттанып, ота жасатыпты. Пышақтың астына түскен ол белгілі бір уақыт ішінде мерзімді ем қабылдауы тиіс. Алайда оған қаржы тапшы. Кейде денсаулығы сыр беріп, екі-үш күн төсек тартып жатып қалады екен. Ал төркініндегілер қолдарынан келгенше дәрісін алуға жәрдемдесіпті.

«Ешкім жетісіп жүрген жоқ, олардың да өз үйлері, балалары бар ғой» деген әйел туыстарына өкпе-реніші жоқтығын айтты.

Ендігі бар үміті қалталы азаматтарда. Үй тұрғызуға жәрдем беретіндер табылады деп бір Алладан күн-түн тілеп жүр. Егер де күміс алқа иегері Гүлсім Жарылқасынқызына көмек қолын созамын деушілер болса, редакцияға хабарласуларыңызды сұраймыз.

Гүлсім Қыстаубаеваның байланыс телефоны - 8 (702) 909-48-36.

ЖСН-780108403435

КZ-206014673000029264

Кыстаубаева Гульсин Жарылкасыновна

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1046412-shymkentte-qoqys-terip-kun-korip-zhurge/

pixel