«Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының директоры 8 жылда түк бітірмеген
Опубликовано:
Сегіз жылдан аса телекомпания қожайыны болып отырған Раукен Сағызбайұлы әлі күнге уәдеден әрі аса алмай отыр. Халықпен байланыс түгілі ұжымдағы қатынасын реттей алмаған Отыншин арнадан берілетін жаңалықтардың өзін жеке хабар етіп көрсетумен шектелуде.
Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Облыстық бюджеттен 90 млн теңге, республикалық бюджеттен 90 млн теңгеден аса қаржы алатын телекомпанияның жарнамадан түсетін табыс көзі 150 млн теңгеге жеткен. Журналистердің алатын орташа жалақы көлемі 70 мың теңге. Олар жылына екі рет жалақы көлеміндегі сыйақы алады. Телекомпанияға түсетін кірістің тоқсан екі миллион теңгесі жалақыға кетеді екен.
Жеті студияда 40-тан аса хабар дайындалады. Оның ішінде сапалысы саусақпен санарлық. Бір сарындағы хабарлар көп. Оның бір мысалын тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған бағдарламалардың атауынан байқауға болады: «Тәуелсіздік тірегім», «Тәуелсіздік тұғырым», «Тәуелсіздік тағылым». Ел егемендігінің жетістігін насихаттайтын «тәуелсіздік» сөзіне басқа теңеу табылмаған.
Компания басшысы «Қарапайым халықпен сауалнама да жоқ, тәуелсіздіктің қарапайым адамға не бергенін көрсете алмай отырсыздар»,- деген сөз естіді.
«Қолға алып жатырмыз, енді бастап жатырмыз... «Апта тынысы», «Қорытынды», «Күндерек» деген бағдарламаларымыз бар. Өткен жылдың соңында қызметкерлердің біліктілігін көтеру жөніндегі аттестациядан 92 пайызы өтті. Біздің облысымыз филиалдардың ішіндегі бестікке кірді. Осындай жетістіктеріміз бар. Дағдарыс болса да көптеген жұмыс істеп жатырмыз. Студияларды қайта жарақтандыру, басқа да жұмыстарды атқарамыз. Басқа жолдарын қарастырғымыз келеді. Қандай қиындық болса да шешілмейтін мәселе жоқ», - дейді Раукен Отыншин.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған шаралардың ұйымдастырылып жатқанына екі ай уақыт болса да Раукен Сағызбайұлы жаңа бағдарламалар жасалатынын айтып, әлі уәде беріп отыр.
"Шекаралас өңірлер Қазақстанның хабарларын көрмейді. Тек қана Ресей арналарын тамашалайды. Олар біздің каналдарды көрмесе, Қазақстанның саясатын қалай жүзеге асырамыз? «Орынбор-Ақтөбе» арасында телекөпір өткізу керек. Орынбор губернаторы мен Ақтөбе губернаторы шығу керек, ол жерде халық та жиналу тиіс. Диалог болу керек. Халық ескі бағдарламаларды көп қарай бермейді. Нақты ақпаратты дер кезінде алғанды қалайды. Сондықтан, қазір болып жатқан біраз бағдарламаларыңызды нақтылау керек", - деді басшылық.
Осындай тапсырмалар алған Раукен Отыншин көп мәселенің шешілуін кадр тапшылығына тіреді. Бірақ, Раукен Сағызбайұлының телеарнада жұмыс істеген білікті кадрларды ұстап қалуға еш әрекет етпегенін осыған дейін хабарлаған болатынбыз. Қызметкерлер басшыларының қателігін бетіне басқан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1049558-qazaqstan-aqtobe-telearnasynynh-di/