RU

Казинодағы шулы видеоға қатысты Алматы облыстық ІІД түсінік берді

Алматы облысының ІІД арнайы өкілі NUR.KZ порталына  "CARLTON" ойынханасындағы бейнежазбаға қатысты түсінік берді.

Естеріңізге сала кетсек, кеше әлеуметтік желіде «мемлекеттік қызметкер Баха Есентаев казинодан 40 мың доллар ұтылып, шу шығарды» делінген видео тарап кеткен болатын.

Бейнежазбаны тамашалағандардың жартысы видеодағы азаматты танымал продюссер Баян Есентаеваның күйеуі Бақытбек Есентаев десе, енді бірі - «Нұр Отан» партиясы атынан сайлауға түсетін, ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұл деп жатыр.

Алайда көпшіліктің пікірінің астында қалған видеоның нағыз қаһарманы кім екенін полицейлер анықтамайтын болды.

«Қазіргі таңда аталған видеоны жедел өкіл қызметкерлері қарап жатыр. Бұл жерде казино ішінде шу шығарған азаматтың кім екенін біз анықтамаймыз. Себебі, ешкімнен арыз келіп түскен жоқ. Тек, жазбадан қандай да бір құқықбұзушылық бар ма, жоқ па соны тексеретін боламыз. Бұрын-соңды аталған ойынханадан Қапшағай қаласының ІІБ шағым келіп түспеген. Қазір аталған казино жабылып қалыпты», - деді Алматы облысының ІІД арнайы өкілі Көбейхан Нұрахмет.

Танымал продюсер шулы видеода қызметкерлер мен қонақтарды тепкілеп жүрген бұзақыны «күйеуім емес» деп мойындамады. Дей тұра отбасысының атына кір келтірген азаматтың кім екенін анықтау үшін тәртіп сақшыларына арыз жазбады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1052738-kazinodaghy-shuly-videogha-qatysty-alma/