RU

Қызылорда облысының әкімі халыққа алғыс айтты

Биыл бірінші рет тойланып отырған Алғыс айту күнін сырбойылықтар да атап өтіп жатыр. Жақында пайдалануға берілген Достық үйінде аймақтағы өзге ұлт өкілдері мен түрлі этностар бас қосты деп хабарлайды облыстың баспасөз қызметі.

Әртүрлі ұлттардың тағамдарынан көрме ұйымдастырылып, мерекеге орай мұражай ашылды. Достық үйінде орналасқан жаңа мұражайда түрлі ұлттардың киімдері мен музыкалық аспаптары, көне жәдігерлер қойылған.

Салтанатты шараға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, барша сырбойылықтарды мерекемен құттықтады.

"Осы мүмкіндікті пайдаланып, халыққа қызмет етіп жүрген барлық әріптестерімнің атынан талай қиын сәтте қазақ елінен ірге ажыратпаған ниеттеріңіз, тәуелсіз Қазақстанға деген кіршіксіз көңілдеріңіз, Сыр елінің дәулетін молайтуға қосқан үлестеріңіз үшін мен де Сіздерге шын жүректен алғыс айтамын", - деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Шара барысында түрлі ұлт өкілдері қазақ халқына, елбасы мен ата-анаға, ұстаздар қауымына, ардагерлерге, елдің атын шығарып жүрген спортшыларға алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1061043-qyzylorda-oblysynynh-akimi-khalyqqa-al/