Қазақстандықтар Алғыс айту күнін дұрыс түсінбей қалған
Опубликовано:
Президент жарлығымен шыққан алғыс айту күнін көптеген қазақстандықтар дұрыс түсінбей қалған сияқты. Нұрсұлтан Назарбаев көктемнің алғашқы күнінде ең алдымен елімізде тұратын өзге ұлт өкілдерінің қазақ халқына алғыс айтуы керектігін меңзеген еді.
Алайда, қазір рахметті оңды-солды жаудырып жатқандар көп деп хабарлайды 31 арна.
Дегенмен, осы олқылықты түзегендей, Алматы облысында «Қазақ халқына мың алғыс» монументі жанында алғыс айту күніне орай салтанатты жиын өтті. Себебі 1937 жылы Жетісу өңіріне жүздеген корей отбасы көшіп келген болатын. Қарашаның қақаған қара суығында аш-жалаңаш халықты қазақ елі бауырына басты. Баспанасын да, дастарханын да бөлісті.
Және бұл тек корейлерге ғана емес, тоталитарлық жүйеден зардап көрген көптеген басқа ұлттардың да нәубеті болды. Қазақ халқының дархан пейілінің арқасында аман қалып, ұрпақ өрбітіп отырған олардың әр қайсысының айтар тілегі бүгінде мерекелік көрініске ұласты.
"Қазақстанның кең даласында олар өздерінің отбасын құрды. Ұрпақтарының ұрпақтары дүниеге келді. Мына ескерткіш сол ризашылығымыздың символы болып қала бермек. Бұл таста ұрпағымызға ұран болар мағыналы сөздер жазылған. Ол қазақ халқына мың алғыс деген сөздер", - дейді Қаратал ауданының құрметті азаматы Михаил Гвак.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1061220-qazaqstandyqtar-alghys-aytu-kunin-dur/