Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызылордада зираттардың қасына салынған көңіл көтеретін орын тұрғындардың ашуына тиді

Опубликовано:

Қызылорда облысы Жалағаш ауданының тұрғындары зираттардың қасына демалыс орнының орналасқанына қарсы деп хабарлайды 31 арна.

"Ата-бабамыздың рухы жатқан жердің жанына көңіл көтеретін орынды салу әруақтарды сыйламаумен тең", - дейді олар.

Жалағаш ауданындағы еңбекшілерге арналған демалыс орны 2012 жылы ашылған. Саябақты салудағы мақсат - күйбең тірліктен шаршаған жұртқа тынығып, бой сергітетін жер сыйлау. Алайда дәл осы демалыс орнының қасында бейіттер орналасқан. Ал тұрғындар демалыс орнын қорымдар жанына салу мүлде дұрыс емес деп отыр.

"Ол дұрыс емес деп ойлаймын. Мына жақта бейіт тұрса, мына жақта жас отбасы өздерінің әңгімесін айтады. Күліп ойнайды. Қасында бейіттің тұрғанын мен дұрыс деп ойламаймын. Қазақылыққа салғанда ол жер бір жын-ойнақ болып кетеді ғой", - дейді тұрғын Кәжденбек Жалабаев.

Сондай-ақ тұрғындар болашақта бұл жер "жын-ойнаққа" айналма деген қорқыныштарын да жасырмайды.

"Мына жерге енді той болған кезде картедж де келеді. Шампан атады, арақ ішеді ғой. Айқай-шу болады. Бұл жер ондайға арналмаған жер. Қасымызда қаншама бабаларымыздың бейіті жатыр, әруағы жатыр", - дейді тұрғын Жасұлан Көпболов.

Дін қызметкерлері де халықтың ренішін құптайды.

"Негізі қорымдар бөлек болғаны дұрыс. Ол жер қорым болғаннан кейін өлімді ескертетін және ақыретті түсіндіретін орын. Ал парктер болса, дүниенің, тәннің ләззатын алатын орын", - дейді Қызылорда облыстық орталық «Ақмешіт- Сырдария » мешітінің  найб имамы Бақыт Олжаев.

Ал ауыл  әкімінің бұл мәселеге қатысты өз айтары бар. Ол мұнда келген демалушылар әруақтарды сыйлап, демалыс орнын таза ұстау керек деп ескертеді.

"Бұл енді бейіттің қасы қорқатын жер емес. Өлі адамдардан қорықпау керек, тірі адамнан қорқу керек. Бұл жерде қорқынышты ешнәрсе жоқ. Қайта осы жерге қарап отырып, әруақтарды сыйлап, осы жерді таза ұстау керек", - дейді Жалағаш кентінің әкімі Қожантай Құлмахан.

Қорым жанындағы еңбекшілердің құрметіне арналған бұл демалыс орнының жалпы құны 21 миллион теңгені құрайды. Қара халық басшылардың  мұндай ірі жобаларды бейіт жанынан алыстау жерлерге салғаны дұрыс деп есептейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1062258-qyzylordada-zirattardynh-qasyna-saly/