Жүздеген туысқан мен бітпейтін ет: Украиналық азамат қазақ қызымен некесі туралы баяндады
Опубликовано:
Украиналық Андрей Чеботарев өткен жылы жұмыс барысымен Қазақстанға келіп, өмірлік ғашығын тапты. Қазақ қызы Әйгерім Ахановаға үйленген азамат оның тәрбиеcі мен жан-дүниесінің тазалығына тәнті болған. Ер кісі қазақ қызына үйленгеннен кейін өмірі қаншалықты өзгергенін баяндады.
Біреулер қазақ қызына үйленгеніңе бір ай ғана болды, ал танысқандарыңа 7 айдан аспады деп бетіме басса да, мен әйелімнің ең сұлу, мейірімді жан екенін айтудан жалықпаймын. Қазақ қызына үйлену үшін мен бірталай сынақтан өтуім керек болды, бірақ бұған еш өкінбеймін. Себептерін тізбектеп көрейін:
Сен келесі жағдайларда қазақ қызын алғаныңа сенімді бола аласың…
…егер үйің қашан да таза тұрса. Үйің тап-таза тұрады. Егер сен әйеліңе үй шаруасымен көмектеспек болсаң, ол қарсы болады. «Шаршап, шалқаңнан түсердей жүрсең де, үйді таза ұстауың керек» дегенді аналары санасына құйып тастаған. Оларда тазалыққа сүйіспеншілік гендік деңгейде қалыптасқандай.
…егер тоңазытқышыңызда қашан да ет тұрса. Қыс кезінде балконыңда да ет тұрады. Кей кездері оның көп болғаны соншалық, аяқ басатын жер таппай қаласың. Мәселен, мен қарапайым балконымызға бүтін жылқы сыйып кететінін білмеппін. Тауық еті ет ретінде саналмайтынын айта кету керек.
…егер сен тойып жүрсең. Сен қашан да тоқ жүресің. Түнгі екіде тұрып, дәмді палаудан немесе он шақты мәнтіден жеп алуыңа болады. Ол үшін ас әзірлеу - сүйікті іс. Ол қуана ас әзірлейді және сіз тоңазытқыштан тамақ таппай қалсаңыз ол қатты алаңдайды. Күйеуіне тамақ әзірлеу, оны сүюмен тең тұратын маңызды дүние.
…егер сенің отыз шақты жақындарың мен жүз шақты алыс туысқандарың табылса. Олардың бәрі саған қонаққа келеді немесе сен оларға қонақтап қайтасың. Бұл керемет. Туған ағаларым жылдап хабарласпайтын менің ортама мұндай отбасылық құндылықтар тың дүние болды. Мың жерден оны туыстарынан алып кеттім деп санасаң да, жақындарымен араласуына кедергі болмауың керек. Туысқандар сенің мәселеңді шешіп те жатады, барлығын таныстық шешеді. Мәселен, үлкен туысқанымыздың арқасында мен оған үйлене алдым, әйтпесе оны алып қашуға тура келетін еді.
…егер балалар бөлмесі туралы бірден ойлана бастасаң. Бірден екі балалар бөлмесі туралы ойланғаның жөн. Себебі екі бала аз болады. Үшеу де көп емес. Бесеу немесе одан да көп болса, қатып кетеді. Ол сенің ең керемет арманыңды орындай алады. Мәселен, жеті ұлың болса деген арманды. Қазақтардан артық баласүйгіш ұлтты кезіктірген емеспін.
…егер сені шексіз сүйетін болса. Қазақ отбасында қыздар жат жұрттық болып өседі. Ал күйеу баланы қатты бағалайды. Тамақ пісіріп, үйді таза ұстау тәрбие ғана емес. Бұл қазақ қызының күйеуін жанынан артық сүйе білу қабілеті. Сіз әйелімді көбірек сүйемін десеңіз қателесесіз. Ол сіз үшін өмірін сарп етуге әзір.
…егер сенде теңдессіз енең болса. Сен күйеу баласың. Яғни әйеліңнің анасында тағы бір ұлы пайда болды деген сөз. Егер әкесі қызын бірінші кезекке қойса, анасы сені де туған баласындай сүйетін болады. Тағы қай ұлтта ене күйеу баласына мұншалық бауыр басатынын білмедім, бірақ қазақ қызымен кейін байланысыңды оңай үзе саламын деп ойлаудың қажеті жоқ.
…егер сенің әйелің ең жақын досың мен серігіңе айналса. Ол қашан да сені жақтап отырады. Тіпті сен бұрыс жасасаң да. Дегенмен, қазақ қызы көнбіс деп ойлап қалмаңыз, ол саған қателіктеріңді айтып, ескертіп отырады. Бірақ сыртқа артық-ауыз әңгіме шығармайды.
…егер сен құштарлықтың не екенін білетін болсаң. Шығыс әйелі туралы көп айтылатыны бекерден емес. Ондай әйелің жоқ болса, арманда қалдың дей бер.
…егер сен онымен мәңгілікке болсаң. Адалдық - жай сөз ғана емес. Әрине мұнда ажырасулар болып жатады. Бірақ олар тұрмысқа жайдан-жай шыға бермейді. Ол мәңгілік сендік болады. Жан-тәнімен. Сондықтан ақымақ болып, оны ренжітпеңіз. Сіз үшін соғатын жүректі жаралап қоймаңыз. Оны барынша сүйіңіз. Егер өзіңіз үшін кемсіту деп қабылдамасаңыз оған үй шаруасына аз да болса көмектесіп тұрыңыз. Бала тәрбиесін тек оған ысырып қоймаңыз. Сол кезде араларыңыздағы махаббат сөнбейтін болады.
Disclaimer. Мұндағы барлық баға жеке адамның ғана пікірі. Сол себепті, өзге ұлт өкілдерінің қыздарына, әсіресе украиналықтарға ренішпен қарамай, қазақ қыздарының расымен керемет келін екендерін қабылдай алуларыңызды сұраймын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1063430-zhuzdegen-tuysqandar-men-bitpeytin-et/