RU

Шымкент әкімі мектеп жасындағы өз қызына сұхбат берді (видео)

Халықаралық әйелдер күніне орай өткен сенбілікте Шымкенттің әкімі Ғабидолла Әбдірахымов баспасөз хатшысы арқылы ресми түрде сұхбат бермеймін деп сәлемдеме жолдаған еді.

Бірақ қала басшысы жергілікті телеарналардың бірінде журналист ретінде бағын сынап жүрген мектеп жасындағы өз қызы Аделя Әбдірахымоваға сұхбат берді, деп хабарлайды аймақтағы NUR.KZ тілшісі.

Шымкенттегі Орталық саябаққа жиналған жергілікті билік қызметкерлері мен түрлі сала өкілдері қолдарына күректерін алып, демалыс орны аумағына түрлі көшеттер екті. Мақсат – әйелдер мерекесі қарсаңында қаланың көгалдандыру жұмыстарына барынша атсалысу. Оған Оңтүстік Қазақстан облысы мен Шымкенттің әкімдері қатысты.

Тазалық шарасына бара сала қос әкімдіктің баспасөз қызметіндегілер әкімдердің журналистерге сұхбат бермейтінін айтып, алдын ала мазаламауын сұранған еді. Бірақ, Шымкенттің әкімі өз қызының өтінішінен бас тарта алмаған болу керек, әйтеуір сұхбат беруге көнді. Оны көрген өзге журналистер дереу әкімнің қасына жақындап, айтқан құттықтауын жазып алды.

"Шымкенттің арулары, біздің аналар, қарындастар, әпкелер, жеңгелер, келіндер. Барлықтарыңызды Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Зор денсаулық, ұзақ өмір және әйел бақытын тілеймін. Үнемі күліп жүріңіздер. Әр таң сайын үйлеріңіздегі терезе пердесін ашып, «мен неткен бақыттымын» деп айтып жүрулеріңізге тілектеспін. Мейрам құтты болсын!», - деді қала әкімі.

Айта кетейік, кеше Шымкент басшысы қоластындағы қыз-келіншектерді мерекемен құттықтап, Адам Атаның жәннаттағы өмірі мен Хауа Ананың пайда болғаны туралы аңызды айтып беріп, жұртшылықты күлдірген болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1065389-shymkent-akimi-oz-qyzyna-sukhbat-berdi-v/