RU

Үш баласын интернатқа беруге мәжбүр болған атыраулық әйелге билік көмектеспейтінін айтты

Балаларын интернатқа өткізіп жіберген атыраулық ананың жағдайын білу үшін билік өкілдері әлі күнге дейін оның үйіне бас сұқпаған. Күйеуі қайтыс болған көпбалалы ана мектеп жасындағы үш баласын амалсыз интернатқа өткізсе, қалған үш баласымен кішкентай бір бөлмелі жер үйді жалға алып тұрып жатыр.

Бұл туралы skifnews.kz жазады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Сандуғаш Ізбасова осыдан бірнеше жыл бұрын жесір қалған болатын. Алты баласын асырай алмағандықтан ол 6-шы, 3-ші және 1-ші сыныпта оқитын алғашқы үш перзентін Атырау қаласындағы интернатқа өткізуге мәжбүр болған. Ал, қалған үшеуін бағу үшін көпбалалы ана әртүрлі жұмыстарды істеп жан бағады.

Жесір әйелдің осынау ауыр тағдыры көпшілікке беймәлім болып қала беруі мүмкін еді. Алайда, оның интернаттағы ұлы республикалық телеарналардың біріне хат жазып, анасымен және өзге бауырларымен бірге бір шаңырақ астында тұрғысы келетінін айтқан болатын. Кейін сәбидің осынау хаты әлеуметтік желілерде кеңінен талқыға түсіп, көпбалалы анаға қарапайым тұрғындар қол ұшын соза бастады. Сандуғаштың айтуынша, өңір тұрғындары ақшалай да, азық-түлікпен де жарылқаған. Ал, астаналық тұрғындардың бірі Алматы облысындағы үйін беруге дайын екенін де мәлімдеді.

Атырау облысы әкімдігіндегілер болса Сандуғашты баспанамен жарылқай алмайтынын, тіпті, мемлекеттен берілетін жәрдемақыдан бөлек артық көмек көрсете алмайтынын айтты. Облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның сөзінше, Сандуғаш Ізбасова үй кезегінде 1982-ші болып тұр.

"Мемлекет қарап отырған жоқ. Тиісті әлеуметтік көмегін беріп отыр. Балаларын мектеп-интернатқа қабылдап, оқытып жатыр. Ал тұрғын үйге келсек, мемлекет кезексіз үй бере алмайды. Себебі, ол кісінің алдында 1981 адам кезекте тұр. Егер кәсіпкер азаматтар болса көмектесуге шақырамыз. Мемлекеттік қызметкерлердің қолындағы билік шексіз емес. Үй беру немесе басқа да жақсылық жасауды шенеунік шешпейді, мемлекеттік тәртіп - заң шешеді. Ал заң бойынша, Ізбасова мемлекеттен тиесілі барлық көмекті алып отыр", - деді Шыңғыс Мұқан Facebook әлеуметтік желісіндегі өз парақшасында.

Сандуғаш Ізбасова қолы қалт етсе балалары оқып жатқан интернатқа бас сұғады. Мүмкіндік болса әр демалыста үйіне әкеліп, бәрінің басын қосады екен. Алайда, мұндай мүмкіндіктер жиі бола бермейді. Қалталы азаматтар көмектесіп, баспаналы бола қалсам дәл сол күні балаларымды интернаттан шығарып, қайта өзіме аламын дейді ол.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1067353-ush-balasyn-internatqa-beruge-mazhbur-b/