RU

Ақтөбеде 18 жастағы студент қыз жоғалып кетті

Ақтөбеліктер үш күннен бері 18 жастағы студент қызды іздестіріп жатыр деп хабарлайды Bnews.kz.

Рысбике Даражадинова 11 наурыз күні сабақтан келіп, кейін «колледжге жиналысқа барамын» деп үйінен қайта шығып кеткен.

Үш күннен бері еш хабар жоқ. Ата-анасы полицияға бір күннен соң, арыз жазып, хабар күтіп отыр.

Рысбике Даражадинова 1997 жылы 18 маусымда дүниеге келген. Ақтөбе қаласында туып-өскен қыздың анасы қазір қуанышты хабарды күтіп, жүрегі алабұртып, әрі-сәрі күйде отыр. Күнсұлу Әлиеваның айтуынша, ол сабаққа барып, үйге тура қайтатын қыз. Кешігіп, құрбыларымен қыдырса, айтады, сұранады.

«Ол 9-сыныпты бітіріп, Ақтөбе көлік және коммуникация колледжіне оқуға түсті. Топ жетекшісі, алғыр, белсенді. Кеше ғана Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан республикалық «Жастық! Жігер! Еңбек!» форумына барды. Ал 11 наурыз күні ол сабақтан соң үйге келіп, түскі сағат 14:45-те үйден шығып кетті. «Жиналысқа барамын» деген. Бірақ кураторы келмегенін айтты. Сол кеткеннен хабар жоқ. Телефоны сөндірулі тұр», - дейді анасы Күнсұлу Әлиева.

Ата-анасы 12 наурыз күні Елек полиция бөліміне арыз түсірді. Полиция бөлімі арыздың келіп түскенін растағанымен, бөлім бастығы Дәурен Ищенов «облыстық Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі ғана хабар таратады» деп іздеу жұмыстары туралы қандай да бір мәлімет беруден бас тартты. Ал баспасөз жетекшісі Ардагер Уайдинге хабарласу мүмкін болмай тұр.

«Мен тек жақсы жаңалық күтемін. Бірақ ойым сан-саққа жүгіріп кетеді. Өзі көп қыдырмайды, кейде құрбыларымен шығады. Жігітім бар, ұнататын адамым бар деп айтпады. Біреу алып қашса, бір хабары жететін уақыт болды»,- дейді анасы.

Қазір Рысбике Даражадинованы ақтөбеліктер әлеуметтік желі арқылы іздестіріп жатыр. Оның ВК әлеуметтік желісіндегі парақшасында сіңлісі Дәметкен: «Рысбикені көрген-білген адам болса, хабар беріңіздер»,- деп жазып, әпкесінің киімі мен түр-тұлғасын суреттеп берген. Ал Рысбикенің жеке парақшасы қанатты сөздерге толы.

Айта кетейік, Рысбике Даражадинова із-түзсіз кеткен күні үстіне қара күртеше, қара бас киім киіп жүрген. Джинс шалбар, ұзын қара етігі бар. Ал студент қыздың өңі аққұба, шашы қара, бойы - 155 см болады. Көрген-білген адамдар 8 777 421 89 68 телефон нөміріне хабарласуын сұраймыз.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1070371-aqtobede-18-zhastaghy-student-qyz-zhoghalyp/