RU

2 млн теңгелік «гулянка» мен 600 қонақ: Шымкентте той қалай өтеді?

Шымкенттік тойға елдің өзге өңірлеріндегі тұрғындары қызығып та, қызғанып та қарайтыны белгілі. Тіпті аста-төк жайылған дастарханды кейбіреулер ысырапшылдық десе, кейбірі дастарханын мақтап отырады. Осы ретте NUR.KZ тілшісі көпшілік таңырқай қарайтын шымкенттік тойларды аралап, оның ұйымдастырушыларымен тілдесіп қайтты.

Тойға жиналған адам санына таң қалыса қарайтындар әлі де бар. Себебі Шымкенттегі ірі тойларға келетіндер орта есеппен 500-600 қонақты құрайды.

Сонымен, мұндағы жұртшылық той жасауға неге құмар?

Шымкент халқын жұртшылық тойшыл халық деп жатады. Ондағылар әр тойдың өз жөн-жоралғыларына қатты мән береді екен дегенді де жиі естиміз. Он жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келген асаба Абдулла Ташев елдің пікірін жоққа шығармайды. Яғни, айтуынша, кейде жылы аймақ Шымшаһарда аптаның барлық күнінде той өтіп, өзі басқарған кездер болған екен.

"Оңтүстіктің әр күні той. Қазір дағдарыс заманы деп жатамыз. Басқа-басқа Шымкентке ол әсер етпейді. Өйткені біз тойшыл халықпыз. Тапқанына той жасап, қуанышын елмен бөлісуге асығады. Оңтүстік - қазақтың қаймағы бұзылмаған аймағы. Тойларымыз да қазақи сарынмен өтіп жатады. Бірақ, батысқа еліктейтіндері де жоқ емес. Біз тапсырыс берушінің, яғни, той иесінің талабын орындаймыз. Дегенмен кейде артық кететін тұстары болса, ескертіп, біздің менталитетке жат әрекеттеріне тосқауыл қойып жатамыз», - деді асаба.

Той басқарушы кейбір салтанатты кештерде флешмоб ұйымдастырып, шетелге еліктейтіндердің бар екенін жасырмайды. Ондайға көбіне өздерін «элиталы» адамдардың қатарына қосатындар барып жатады екен. Дегенмен, соңғы жылдары қазақи стильдегі тойларға сұраныс көптеп түсуде. Ұзатылып жатқан қызы мен сүндеттелген ұлын қазақша оюлармен көркемделген киім кигізіп, дастархан мәзірінде қазақтың ұлттық тағамдарын көптеп қойып жататындар артып келеді.

Бірақ, қалыңдық пен күйеу жігіттердің басым көпшілігі еуропалық стильдегі киімдерді таңдағанды жөн санайды. Жақында ғана шаңырақ көтерген Айдос Мақсатовтың айтуынша, қазақтың ұлттық киімі қалыңдықтың жүріп-тұруына ыңғайсыз.

Асаба Абдулла Ташев тойға келгенде сараңдық танытпайтын оңтүстік жұртшылығы үйіне бес адам келсе де, кішігірім той жасап, асаба шақыратындардың бар екенін айтып қалды.

Шымкентте бүгінде орта есеппен тойға шақырылушылар саны 500-600. Тіпті кейде олардың саны екі еселене түседі. «Асабалық қызметтегі жылдарым ішінде 1200 адамға дейін жиналған тойды басқарған кезім болған» деген Абдулла Ташев әрбір ата-ана өз перзентіне той жасап беруі керек деген пікірде.

Егер жағдайы болмаса, несие алып болса да қуанышты ортақтасуға болады деген ол, дегенмен тым ысырапшыл болуға үзілді-кесілді қарсы. Әркім көрпеге қарай көсілгені абзал. Қаймағы бұзылмаған оңтүстік өңірі демекші, Шымкентте кез-келген тойда қазақы жөн-жоралғыларға аса мән беріледі. Соның ішінде әрбір ата-ана қызын ұзатарда мән-жайға ерекше үңіліп отырады.

Өйткені кейбірі ақ босаға аттағалы тұрған қызының алдағы өмірі сол жасалған ырымдармен байланысты болады дегенді пікірде. Мәселен, Шымкентте бүгінде ұзату көйлектерінің ішінде көбіне ұлттық нақыштағылары сұранысқа ие. Кейбір той барысында қызды сахна төріне шығарып, болашақ жарымен бірге оған қаймақ пен бал жегізеді.

Бұл болашақ жарымен құрғалы отырған шаңырағында береке артып, молшылық болсын деген ырым. Ал бал – екі жастың өмірі балдай тәтті болсын деген мақсатпен жасалған жоралғы. Мұнан соң әдеттегідей сыңсу айтылады. Қазіргі таңда ұзатылар қыз ата-анасы мен туыстарына арнап, ән шырқайтын да болған.

Әрине, бәрі бірдей емес. Кейде қыздың әкесі перзентіне ән арнайды. Қысқасы, сағат түнгі он екіге жақындағанда қызды туыстары шығарып салады. Алдымен тойхана ішіне ақ мата төселеді. Мұнан соң қыздың жанында екі жеңгесі тұрып, қызды шығарып салады. Айтпақшы, Шымкентте кейбір тойларда ақ мата төселген жолға қымбат терілер тасталады. Бұл да қыздың аттаған ақ босағасы молшылықта болсын деген ниетпен жасалынады.

Шымкенттік үйлену тойларының аса бір ерекшелігі бар деп айта алмаймыз. Бірақ, қазіргі таңда той барысында келіннің атасы мен енесіне торт беріп, күллі жұрттың көзінше секіртіп билетіп қою үдерісі жайлап қалып барады. Бірақ, Батысқа еліктейтіндер торт былай тұрсын, ортаға шығып, құрбыларымен билеп, флеш-моб ұйымдастырып та жүр.

Тойханаларда әрбір қонаққа алынатын орташа баға 4000 теңгені құрайды. Оған үш түрлі салат пен екі түрлі тағам, сусындар, түрлі тәттілер және шай кіреді. Сусын мен спирттік ішімдіктер, жеміс-жидекке қосымша қаржы шығару керек. Ал егер қалтаңыз қалың болса, 10-15 мыңға дейінгі салтанат сарайын табуға болады. Бағасына қарай, қызметі де арта береді. Дизайны жағынан бірінен-бірі асады.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Шымкентте тойхана салу сәнге айналғанын жасырмаймыз. Бүгінгі күнде де жаңа салынған салтанат сарайларының қатары кеміп жатқан жоқ. Тойхана иелері мұны сұранысытың көптігімен байланыстырады. Ал енді бірі Шымқаладағы тойханалардың көз жанарын алатындай сәнмен бой көтерілгенін алға тартып, әрі бағасы арзан болғандықтан сұраныс тоқтамауда дейді.

Айтпақшы, екі жастың қуанышына араналған салтанаттарда тойға дейін шеру деген бар. «Шымтой» продюсерлік орталығындағылардың айтуынша, оған 300-400 мың теңге жұмсалады. Дегенмен бұл қызметті көбіне күйеу жігіттің достары өз мойындарына алып жатады екен. Бұл қаржыға той кортежі мен тойға дейінгі мейрамханадағы отырысқа жұмсалады.

Тіпті «гулянкаға» 1,5-2 млн теңге жұмсайтын жомарт жандар да бар. Ол ол ма, той шеруінде қымбат кортеждерден бас тартып, тікұшақ жалдаған шымкенттік жас жұбайлар да болған. Қысқасы, Шымкентте шамаң келсе, ешкім «қой» демейді. Ал ысырап мәселесі, оған асабалар да, той жасаушылар да, тіпті оны ұйымдастырушылар да келіспейді. Себебі той жасаушы өз қуанышынан ешнәрсені аямайды.

Оның үстіне тойға келушілер арасында дастарханды сынап кететіндер де бар. Сондықтан да сынның астына қалмаудың амалын ойлатын той иелері «артылса артылсын, бастысы дастархан бос қалмасын» деп, әсіресе дастарханға аса мән беріп жатады. Той жасауда ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, Шымкентте үйлену, ұзату және сүндет тойларға деген сұраныс жоғары. Халық көбіне «Алатау», «Шымкент Холл», «Шымкент Грэнд Холидэй», «Оңтүстік қабылдау үйі» секілді салтанат сарайларын жөн көріп жатады.

Мұнда жас жұбайлардың тойханаға көлікпен кіріп келуі осыдан он жыл бұрын сәнге айналған. «Арман» деп аталатын салтанат сарайы сол кезде ерекше сұранысқа ие болған. Қазір де көпшілік ол сарайда той жасауға құмар. Бірақ, продюсерлік орталықтағылар тойханаға көлікпен кіру сәннен қалғанын алға тартты.

Тойханаларда халықты суретке түсіріп, нәпақасын тауып жүрген фотограф Дәурен Ақсақалов соңғы кезде елдің суретке деген қызығушылығы кемігенін жасырмайды. Өйткені халық қолдарындағы ұялы телефонның камерасына түсуді жөн көреді.

«Фотоға деген сұраныс эстраданың жарқын жұлдыздары келген сәтте арта түседі. Халық сүйікті өнер иелерімен суретке түсіп, әп-сәтте оны шығартып алып, тіпті кейбірі фоторамкаларға салып беруге тапсырыс беріп жатады», - дейді ол.

Демек, өнер жұлдыздары тойханалардағы фото-бизнестің ақсаңдап қалмауына септігін тигізіп жүр екен. Мұнда тойханаларда түскен фото бағалары әртүрлі. Салтанат мекенінің сапасына қарай баға да құбылып тұрады. Ең арзаны 300 теңгеден басталып, 1000 теңгеге дейін сатылады. Ал арнайы рамкаға салынған фотолар құны 2000 теңгеден жоғары.

Шілдеханадан бастап, баласының тілі шықса да, жасқа келсе де той жасайтындар жоқ емес. Орталықтағылар мұның еш әбестігі жоқ дейді. «Қуанышты ортақтассаң көбейеді» дегенді алға ұстаған олар жақында шымкенттік бес қыздың әкесі перзенттерінің құрметіне орай «Бес жұлдыз» деген той жасағанын айтты.

Мұндай той атауын талай қуаныштың басы-қасында жүргендердің өзі алғаш естіп, таң қалысқанын жасырмайды. Қысқасы, Шымкентте қандай қуаныш болмасын, халық туыстарымен бөлісуге асығып тұрады. Тойға шақырылғандар саны жағынан да Шымкент еліміздің басқа аймақтарымен салыстырғанда рекордтық көрсеткішке ие. Бізде ешкімнің көңілін қалдырғысы келмейді. Оның үстіне тойшыл халық өтісі болған соң той жасауға құмар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1071352-2-mln-tenhgelik-gulyanka-men-600-qonaq-shym/