RU

Ақтөбелік шенеунік әйелімен бірге мектептерді аттестациядан өткізу үшін ірі көлемде пара алған

Ақтөбеде облыстық білім саласын бақылау департаментінің басшысы Әкімгерей Көшербаев ұсталды. Ол 1 150 000 теңге пара алды деп айыпталып отыр.

Бұл туралы Керек.info тілшісіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының баспасөз қызметі хабарлады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаменті қызметкерлері білім саласын бақылау департаментінің басшысы Әкімгерей Көшербаевты ұстады.

"Көшербаев облыс мектептерін аттестациядан өткізіп, оң бағалау үшін өзінің әйелі, Елек орта мектебінің директоры Сағадат Сырбаева арқылы пара алған", - деп хабарлайды құзырлы орган. Әзірше пара көлемінің 1 150 000 теңге екендігі туралы ақпарат таратылды.

Керек.info тілшісі білім саласын бақылау департаментіне де хабарласты. Басшының міндетін қазір Гүлназ Сүлейменова атқарып отыр. Ол бұл қызметке 22 ақпаннан бастап кіріскен.

48 жастағы Әкімгерей Көшербаев Ақтөбедегі №24, №51 мектептерге басшылық етті. Қала әкімінің орынбасары болды. Қазір ол қамауда отыр. Күдіктінің үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1074951-aqtobelik-sheneunik-ayelimen-birlese/