RU

Өмір бойына жындыханаға тоғытылған Маржан Тұрлыбаеваның есі дұрыс болып шықты

Түркістандағы жындыханаға өмір бойына тоғытылған соң, өзінің дені сау екенін дәлелдемек болып, қоғамнан араша сұраған Маржан Тұрлыбаеваға қатысты жаңа сараптама тағайындалды.

Онда қаршадай қыздың бойында бұған дейін тағайындалып келген шизофрения сырқатының жеңіл түрінің белгілері болмай шықты. Және оның қоғамға ешқандай қаупі жоқ екені де анықталды.

Бұл туралы шымкенттік журналист Гүлжан Байназарова NUR.KZ порталының аймақтағы тілшісіне берген эксклюзивті сұхбатында баяндады.

Айта кетейік, Гүлжан Байназарова Маржан Тұрлыбаеваға қатысты мәселені алғаш рет көтеріп, одан кейін бұл жайт қоғам арасында қызу талқыға салынған еді.

«Сегіз жыл бойы есі ауысқан деп жындыханада мәжбүрлі түрде ұстаған Маржанға республикалық сот медициналық сарапшылары оң нәтиже берді. Күнгейлік дәрігерлердің қойған диагнозы жоққа шығарылып, шизофренияның жай түрі анықталмаған. Қорытынды бойынша Маржаның қоғамға қауіпті еместігі анықталды. Қайта жындыханадан шығып, көпшілікпен бірдей өмір сүруге құқылы» - деді журналист.

Журналистің айтуынша, сараптама қорытындысы 24 ақпанда шыққан. Алайда Маржан әлі күнге дейін жындыханадан шығарылмапты. Себебі, жауаптылар бір-біріне сілтеп жүргенге ұсқайды.

«Сараптама қорытындысы 24 ақпанда шықты. Содан бері барлығына хабарластым. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы ешқандай хабар келген жоқ деді. Тергеуші Түркістандағы мекемеге жібергенін айтады. Түркістанға барып, директордан сұрасам, сараптама қорытындысын алғанын растады. Бірақ, Маржан әлі шыққан жоқ. Басқарма құзырлы мекемеге сілтейді, құзырлы мекеме басқарма шығаруы керек дейді. Қысқасы, бәрі бір-біріне сілтейді», - деп атап өтті журналист.

«Содан кімге барарымды білмей әлеуметтік желідегі парақшамда елден сүйінші сұрап, жағымды жаңалықпен бөлістім» - деді ол.

«Республикалық сарапшылардың берген қорытындысына оңтүстіктің дәрігерлері мойынсұнғысы келмейді, өйткені сегіз жыл бұрынғы былықтарының ашылып қалатынынан қорқады. Бұл сүйінші хабарды экран арқылы сұрамақ болғанымызда, жауаптылар бір-біріне сілтеп, бастарын алып қашты. Ақыры айттым ғой.... сүйінші хабарды халыққа жеткізгісі келмейтіндердің қатарында ОҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты мекемелердің барлығы бар... Қазақтың өрімдей қызына жаңа өмір сыйлайтыныма да сенімдімін. Ал халайық, Маржан қыздарыңыздың дені сау! Ендігі арманы жындыхана қабырғасынан босап шығып, ел қатарлы өмір сүру. Сот сараптамасындағы қорытынды жүзеге асатын күн жақын», -  деп ойымен бөлісті Байназарова.

Еске салсақ, бұған дейін Түркістанда жындыханаға жабылған бойжеткеннің жағдайын білуге келгендерді күзетшілер жағадан алғанын хабарлаған болатынбыз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1075822-omir-boyyna-zhyndykhanagha-toghytylghan-m/