RU

Ақтөбелік бойжеткен өзін балалар үйіне өткізген ата-анасын іздеп жүр

Ақтөбедегі балалар үйінде тәрбиеленген қыз әкесін іздейді. Туа сала тастанды атанған Жанат анасы болуы мүмкін адамды өзі іздеп тапқан деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Жанат Стамғазиева ес білгелі туыстарын іздеп жүр. Үлкен қалада ешкімі жоқ бойжеткен туыстарымен жақын тартып, араласқысы келеді.

«Мен тәрбиешілерден балалар үйіне босану орталығынан келгенімді естідім. Әке-шешемді мүлде көрген адам емеспін. Қолымдағы туу туралы құжатымда олардың аты жазулы тұр. Әкесі деген жолда - Стамгазиев Дүйсенгали Кусайнович, анасының орнында – Стамгазиева Бибигул Жардемовна деген кісілердің аты жазулы тұр. Аттарын білгеннен кейін, өздерін де көргім келеді», - дейді Жанат Стамғазиева.

1991 жылдың 31 қаңтарында туылған Стамғазиева Жанат Дүйсенғалиқызы қазір құрбыларымен бірге пәтер жалдап тұрады. Ол балалар үйінен шыққаннан кейін өмірге бейімделіп кетудің қиын болғанын айтады. Аш қарынмен бойы мұздап жүріп, өкпе аурулар ауруханасына да жатып шыққан.

«Мен кімге шағым жасаймын? Тірі адам болып, өзім тірлігімді жасап жатырмын. «Қарның аш емес пе?», «Жылы киініп жүрсің бе?» деп сұрайтын адам жоқ. Арнайы білімім болмаған соң біреудің үйін жинап, баласын бағып, түрлі жұмыстар істеп жүрмін», - дейді Жанат.

Жанат өз еркімен іздеу жұмыстарын да жүргізген.  Анасы болуы мүмкін адамды іздеп тауып, кездесуге де шақырыпты.

«Ол әйел менімен танысқанда басқа адамның атын айтты. «Сенің шешең мен емес, туысқан сіңілім. Бірақ ол басқа қалада тұрады. Мені мазалама!», -  деп кетіп қалды. Бірақ ол сөйлеген кезде ыңғайсызданып тұрды. Оның қайта-қайта қараған көзқарасынан осы кісі анам-ау деп ұйғардым. Бірақ, «мазалама» деген соң, одан кейін хабарласа алған жоқпын. Енді әкемді, болмаса оның туыстарын тапқым келеді»,- дейді Жанат.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1075850-aqtobelik-boyzhetken-ozin-balalar-uyi/