RU

Алматыдағы Азаматтық авиация академиясы түлектерінің дені жұмысқа тұра алмай тентіреп жүр

Алматыдағы азаматтық авиация академиясының түлектері жұмысқа тұра алмай тентіреп жүр. Өйткені төрт жылын сарп етіп диплом алып шыққан жастардың көбі ұшақ тізгіндеуге шамасы жетпейтін біліксіз көрінеді деп хабарлайды КТК арнасы.

18 наурыз күні отандық авиацияның мәселесі қаралған жиында мамандар осылай дабыл қақты. Ал Азаматтық авиация комитеті әдеттегідей ақталып әлек.

Көкке көтерілуді аңсап, күнде сабаққа келіп жүрген жастардың ұшақ тізгіндеп кетуі екіталай. Өйткені ұшаққа отыруға ешқайсысы дайын емес көрінеді. Отандық авиацияның жай-күйі талқыланған бүгінгі жиында тәжірибелі мамандар осындай пікір айтты.

Яғни жастардың академияда төрт жылын сарп етіп, әрі ақысын төлеп оқығанының бәрі зая кеткелі тұр. Өйткені әуе компаниялары оларды бәрібір де жұмысқа алмайды. Шенеуніктер бұған академия түлектерінің ағылшын тілін білмеуімен түсіндіргісі келді.

"Қазіргі техникада ағылшын тілін жақсы білу керек. Өйткені бізде жаңа айтып кеттім ғой, өте көп шетелден келетін ұшақтар бар. Сол ұшақтармен жақсы жұмыс істеу үшін ағылшын тілін білу керек. Біздің ең бір жаман жеріміз - біз сол талаптарға өзімізді дайындамаймыз", - дейді Азаматтық авиация комитетінің басқарма бастығы Көпбосын Тоқпақбаев.

Елімізде ғана емес, Орта Азия бойынша ұшқыштарды даярлайтын Азаматтық авиация академиясының басшылары да өздеріне шаң жуытқан жоқ. Сұраныстың жоқтығына олар, тіпті студенттердің өздерін кінәлады.

"Білімі нашар студенттер аз емес. Жұмысқа тұра алмай жүргендері сол үшін. Бірақ олардың емтиханды қайта тапсырып, қайтадан оқуға түсуге мүмкіндіктері бар", - дейді Азаматтық авиация академиясының проректоры Шәміл Берешов.

Тілден бөлек техникадан да кілтипан бар екен. Өйткені аталған академияда шәкірттер әлі кеңестік әуе кемелерін оқып жүр. Сондықтан дәл қазір авиация саласында «Эйрбас», «Боингтарды» көкке көтеретін маман жоқтың қасы.

Әуе компаниялары әбден шымбайға батқан бұл мәселені көтергенімен оны тыңдайтын құлақ табылмады. Ал жиынға келген Азаматтық авиация комитетінің өкілі «бәрін жасап жатырмыз» деп құтылды.

"Енді сол үшін жұмыс істеп жатырмыз ғой түзету үшін. Жұмыс көп, жұмыс істелініп жатыр", - деді Азаматтық авиация комитеті басқарма бастығы Көпбосын Тоқпақбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1076855-almatydaghy-azamattyq-aviaciya-akadem/