RU

Қазақстанда парламент сайлауы басталды

20 наурыз күні таңғы сағат 07:00-де еліміздің барлық өңірінде парламент мәжілісі мен мәслихаттарын сайлау үшін дауыс беру учаскелері ашылды.

Бұл туралы NUR.KZ  хабарлайды.

Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша таңғы 7.00-ден 20.00-ге дейін өтеді.

2016 жылғы 20 наурызда партиялық тізімдер бойынша сайланатын парламент мәжілісінің депутаттарын сайлауда, сондай-ақ Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депуттарын сайлауда дауыс беру жалпы алғанда 9 840 сайлау учаскесінде өтеді.

Қазақстанның Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов алғашқылардың бірі болып дауыс беруге келді.

Қазақстаннан тыс жерлердегі ел азаматтары үшін дауыс беру учаскелері құрылды. Ол үшін шет мемлекеттердегі Қазақстан Республикасы өкілдіктерінің жанында Сыртқы істер министрлігінің аумағындағы сайлау округіне қатысты сайлау учаскелеріне баруға болады.

Парламент мәжілісі мен мәслихаты депутаттарына дауыс беру үшін Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да келді.

Саяси додаға барлығы алты партия - «Нұр Отан» партиясы, Қазақстанның «АҚ ЖОЛ» демократиялық партиясы, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, Қазақстан Коммунистік Халық партиясы, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы және «Бірлік» саяси партиясы қатысып жатыр.

Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков те дауыс берушілер қатарынан орын алды.

Партиялық тізімдер бойынша сайланатын парламент мәжілісінің 98 депутаты, сондай-ақ облыстық, Астана, Алматы қалалық мәслихаттарының 550 депутаты, қалалық мәслихаттардың 625 депутаты және аудандық мәслихаттардың 2160 депутаты сайланады.

Орталық сайлау комиссиясы  парламент депутаттығына үміткер  ретінде алты саяси партияның атынан 234 кандидатты тіркеді.

Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Астанадағы №99 сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Ал Алматы əкімі Бауыржан Байбек № 92 мектепте орналасқан № 250 сайлау учаскесінде дауыс берді.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев та алғашқылардың бірі болып дауыс берді. Әкім өз сөзінде еліміздің болашағы мен тұрақтылық үшін таңдау жасағанын айтқан.

Сайлауда 10 млн-ға жуық қазақстандық дауыс береді деп күтіліп отыр.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1077179-qazaqstanda-parlament-saylauy-basta/