RU

Нидерландтағы Қазақстан елшілігі отандастарымызды абай болуға шақырды

Нидерландтағы Қазақстан елшілігі осы елдегі ел азаматтарын абай болуға шақырды. Олар жедел желі қызметін іске қосқанын да хабарлады.

Яғни, қандай да бір қиындықтар туындаса,  байланыс нөмірлеріне хабарласуға болады деп хабарлайды Алматы арнасы.

"Құрметті отандастар!" 22 наурыз күні Брюссель қаласында (Бельгия корольдігі) орын алған лаңкестік оқиғаға байланысты, Қазақстан Республикасының Нидерланд корольдігіндегі елшілігі осы елдегі отандастарымызға халық көп жиналған орындарға бармауға кеңес береді", - делінген хабарламада.

Дегенмен, әзірге лаңкестік ұйым содырларының қолынан қаза тапқандардың ішінде қазақстандықтар жоқ. Әрі, Еуропадағы отандастарымыздың саны әлі нақтыланбаған. Мұнымен Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі айналысуда.

Естеріңізге сала кетейік, 22 наурыз күні Бельгияның әуежайы мен метро стансасында бірнеше жарылыс болған еді. Соңғы мәліметтер бойынша, 31 адам қаза тауып, 300 адам жараланған, 150 адам әлі де ауруханада, соның ішінде 61 адамның жағдайы өте ауыр.

Салдарынан қазір Брюссельде барлық бағыттағы жолдар жабылды. Ел көлемінде, сонымен қатар көршілес мемлекеттерде тексеріс жұмыстары күшейтілген.

Орын алған оқиғаны "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы өз мойнына алып отыр. Қазіргі таңда құзырлы орын өкілдерімен оқиғаға қатысы бар деген 3 күдіктіні ұстады. Бельгияда үш күн бойы қаралы күн жарияланды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1079881-niderlandtaghy-qazaqstan-elshiligi-ot/