RU

Оңтүстік Қазақстанда 30 жастағы келіншек 8 баланың анасы атанды (фото)

Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласының тумасы әрі келіні Жанат Ерімбетова 8 баланы дүниеге әкелген. Небәрі 30 жасында «Алтын алқа» иегері атанып отырған келіншек  тұрмысқа шықпай тұрып көпбалалы ана болсам деп армандаған екен.

Түркістандық көпбалалы шаңыраққа NUR.KZ порталының аймақтағы тілшісі арнайы барып, тілдесіп қайтқан болатын.

Түркістандағы «Бекзат» мөлтекауданының 30 жастағы тұрғыны Жанат 2004 жылы тұрмысқа шыққан. «Ол кезде небәрі 18 жаста едім», - деп әңгімесін бастады кейіпкеріміз.

«19 жасымда тұңғышымды дүниеге әкелдім. Есімін қайын әпкем қойды. Арафат -  Меккедегі таудың атауы ғой. Ұлым да сол секілді абыройы биік болсын деген ырыммен сондай есім берді», - деді Жанат.

Оның сөзін жалғаған жолдасы Айдар перзенттеріне есім қоярда туған-туыстары таласып қалатын да сәттерін жасырмады.

«Барлық есімдердің мән-мағынасы ерекше. Үшіншіміз Мұхаммед  анамның туған күнімен бір күні дүниеге есігін ашты. Есімін Мұхаммед деп анам қойды»,- деді 36 жастағы көпбалалы әке Айдар Ерімбетов.

Айтуынша, баланың көптігіне әбден үйренісіп кеткен. Кейде ұл-қыздары нағашыларына қыдырып кетсе, кәдімгідей орны білініп қалатынын жасырмаған ол барлық перзентін бірдей көретінін айтты.

Шаңырақ иелерінің ешбірі көпбалалы отбасыдан шықпаған екен. Тек Жанаттың жолдасы Айдардың ағасының (әкесінің ағасы)  әйелі жас келін Жанатқа келін болып түскен сәтінде батасын берген. Ол кісі 16 құрсақ көтеріп, 15 қыз бен 1 ұлды тәрбиелеп отыр екен.

«Тұңғышымды босанған соң апамыз баламды бесікке бөлеп, «мен секілді 16 бала өмірге әкел» деп ақ батасын берген болатын. Өзім қыз күнімде он бала өмірге әкелемін дейтінмін. Өйткені көпбалалы отбасында тәрбие алған бала мейірімшіл, бауырмал болады ғой. Аллаға шүкір, перзенттерім мейірімді», - деп ағынан жарылды түркістандық келіншек.

«8 баланы бағып-қағу, тәрбиелеу қиын емес пе?» деген сұрағымызға 30 жастағы келін еті үйреніп қалғанын, балалары бір-біріне қамқор болып, бірінің соңынан бірі өсіп келе  жатқанын, бала тәрбиесінде атасы мен енесі қолғабыс болып отырғанын айтты.

Жас келіннің қайын атасы Қалдыбек қария жұбайы Құмархан ана екеуі 2 ұл, бір қыз тәрбиелеген. 8 баланың әкесі Айдар ақсақал мен кейуананың кенже ұлдары. Қария келіні мен ұлына әрбір перзенттің өз несібесі барын айтып отырады екен.

Бүгінде Құмархан апа 8 немересінің аспазы атанып отыр екен. Ал ақ жаулықты Құмархан ана бала бағу ешқандай қиындық туғызып отырмағанын алға тартты.

«Қазақта бала өскенше, немере өлгенше» деген бар ғой. Аллаға тәуба, немерелердің қызығын көріп отырмыз. Немеренің сыңғырлаған күлкісін естігеннен асқан бақыт бар ма? Келініміз ибалы, осылар аман болсын әйтеуір. Тілеуін тілейміз ғой», -  деген Құмархан апа келіні Жанат Түркістан бойынша 30 жасында 8 бала дүниеге әкелген жалғыз ана екенін айтты.

Алайда жергілікті билік тарапы ел демографиясының дамуына сүбелі үлес қосып отырған ерлі-зайыптыларды әлі елеп-ескере қоймапты. Көпбалалы анаға «Алтын алқа» алғаны үшін мемлекет ай сайын 13 мың теңге төлейді екен. Одан бөлек әр балаға әлеуметтік көмек ретінде 2 мың теңгеден жәрдем беріледі.

Көпбалалы отбасының үлкені Арафат он жаста. Нұрай 9-да. Мұхаммед 7-де болса, Арай 6 жаста. Төртеуі де мектепте оқиды. 4 жастағы Ибраһим мен 3 жасар Кәусар балабақшаға барады. Інжу 2 жаста. Ал үйдің кенжесі Гауһар енді бір айдан асқан. 8 баланың барлығы нағашы жұрты алып келген бесікке жатқан.

Жанат Ерімбетова қазір бала күтіміне байланысты демалыста. Оған дейін Түркістандағы балалар емханасында учаскелік медбике болып істеген. Ал жолдасы Айдар жеке кәсіппен айналысады.

12 жылдан бері бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан ерлі-зайыптылар Алланың қалауымен бала санын мұнымен шектеп қалмаймыз дейді.

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар NUR.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакциямен байланысу қажет.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1080356-onhtustik-qazaqstanda-30-zhastaghy-kelinsh/