RU

Атыраудың ІІБ: Экс-полицейдің хатында жазылғанның бәрі өтірік

Атыраулық полицейлер әлеуметтік желіні шулатқан Манарбек Өтеуовтің хатына қатысты түсініктеме берді деп хабарлайды КТК арнасы.

Хатта аттары аталған лауазымды тұлғалар өздерін сүттен ақ, судан тазамыз деп отыр. Сөздеріне сенсек, Өзбекстан азаматына 15 жерден пышақ салып, өлікті қала сыртына көміп тастағаны үшін қамауда отырған Өтеуов бастықтарынан істі жылы жауып қоюды сұраған. Бірақ шенділер бұған көнбепті. Ал полицейлердің былығы туралы хат соның кегі көрінеді. Дегенмен, хаттағы деректер тексерусіз қалмайды. Істі Бас прокуратура тікелей бақылауларына алған.

Желі арқылы тараған хатта аттары жиі аталатын үшеудің бірі – Марат Тағаниязов. Бірақ, Атырау қалалық Ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары өзіне шаң жуытқан жоқ. Айтуынша, қарамағында істеген Манарбек Өтеуов өзбек азаматын қызметте жүргенде емес, еңбек демалысында аяусыздықпен өлтірген. Кейін қылмысты жылы жауып қоюды өтінген көрінеді. Көнбеген соң, хат жазып кек қайтармақшы дейді лауазымды полицей.

"Хатта жазылғанның бәрі өтірік. Манарбек Өтеуовті қамағалы жатқанда ол Қабдешевке Кимның өлімін екінші бір өзбек азаматы Құрманбаевқа жаба салайық деп өтініш айтты. Басқа жақтан келді, ешкімді танымайды, оны кім іздеп жатыр деді. Ал мені қамасаңдар, ішкі істер органдарынының абыройына нұқсан келтіресіңдер деген", - дейді Атырау қалалық ІІБ бастығының орынбасары Марат Тағаниязов.

Ал Өтеуовтің хатқа тізген қылмыстарының ең болмаса біреуі расталса өңірдегі полиция басшыларының басы дауға қалғалы тұр. Өйткені, қатардағы полицей емес, білдей бір бөлімді басқарған жігіттің жазғандары жаға ұстатады. Мәселен, шенді полицейлер бас-басына коттедж тұрғызу үшін құрылыс базарындағы саудагерлерді бопсалаған. Жезөкшелерден де салық алыпты. Тіпті қарапайым тұрғындарға жасамаған қылмысты мойнына іліп, абақтыға жауып отырған көрінеді. Ал босату құны 500 мың мен 7 млн теңге арасында екен. Басшылардың бұйрығымен осындай 100 қылмыстық істі қолдан жасадым депті хатында Манарбек Өтеуов. Осы деректерінің рас-өтірігін 2 айдан бері прокурорлар тексеріп жатыр.

"Қызметтік өкілеттіктерін теріс пайдаланғандары бойынша қылмыстық іс қозғалды. Менің өндірісімдегі қылмыстық іс бойынша қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр, бірнеше қылмыстық іс бір өндіріске біріктірілді", - дейді Атырау облыстық прокурорының аға көмекшісі Сырым Ақболатов.

Ел-жұртты шулатып, құзырлы орындарды аяғынан тік тұрғызған Манарбек Өтеуовтің өзіне бірнеше бап бойынша айып тағылып отыр. Оның ішінде адам ұрлау, адам өлтіру, құжаттарды қолдан жасау, күш көрсетіп тонау секілді баптар да бар. Қылмыстық ісі 7 томға жеткен Өтеуовке қатысты сот процесі наурыздың 28-інде басталмақшы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1081672-atyraudynh-iib-eks-policeydinh-khatynda/