RU

Ақтөбе облысында журналистердің аяғын сындырмақ болған әкім сөзінен тайқыды

Ақтөбеде ауданға келген журналистердің аяғын сындыруға дайын әкімдер бар. Журналистер  алдында айтқан сөзінен ұялған аудан әкімі өз аяғының қалай сынғанын айтып берді.

Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Жергілікті тілшілер діни ахуал ушығып тұрған ауылдың жағдайын жазуға Темір ауданына бірнеше рет барған болатын. Тілшілер ауылды аралап жүргенде артынан әкімшілік көлігі мен полиция көлігі алма кезек еріп жүргені БАҚ-та жиі айтылды.

Кейін қалаға келген тілшілер «енді ауылға журналист келсе аяғын сындырамын» деген Қаниев сәлемдемесін естіп, оны "қанатты сөздеріндей" айтатын болға

Темір ауданының әкімі Бауыржан Қаниев журналистермен кездесуде мұндай сұрақ қойылады деп ойламаса керек. Тілшілер «Қаниев айтты» деген қанатты сөзді әкімнің өз аузынан естігісі келді.

«Сіз журналистер арасында аяқ сындырғыш әкім ретінде көп таныласыз. Журналистерден қандай қиындық көрдіңіз? Олардың аяғын сындырамын деген сөзіңізді түсіндіріңізші» деген жергілікті журналистің сауалына әкім өз  аяғының қалай сынғанын айтып берді.

«Өмірде менің қолым сынып көрген жоқ. Менің Темір ауданына қалай әкім болып барғанымды білетін боларсыздар. Хромтауда отырған жерімнен сол жаққа апарды, туған жерім. «Географияң, биографияң келеді екен, халықты дұрыста» деп мені сонда жіберді. Бардық. Онда бірінші әкімдікті өз туған жерім Ақсайдан бастадым. Кейін Кеңқияқта болдым. Сол кезде таңертең үйден шығып келе жатып, немерем бірінші класқа барады. Соны шығарып салып тұрған кезде жолдың қырына аяғым түсіп кетіп, аяғым қайырылып түсті де екі жерден жарылды», - деп өз аяғы туралы айтып кеткен Қаниевті журналистер:

«Сіздің аяғыңызды сұрап тұрған жоқпыз. Сіздің аяғыңыз бізге не керек? Журналистерге қатысты сөзіңізді айтыңызшы», - деп тоқтатқан.Кейін әкім екінші аяғының қалай сынғанын айта жөнелді.

«Екінші аяғым тағы сынды. Ол Қандыағаш қаласында болды», - деді ол.

Әкімге сұрақ қайта қойылды. «Ауылыма журналист келсе аяғын сындырамын» деген қанатты сөзіңізді түсіндіріңізші» дегеннен кейін ғана Қаниев мырза жауабын бір ауыз сөзбен қайтарған.

«Мен БАҚ-ты сыйлаймын. Кейде ашуланып отырғанда хабарласып қалады. Тез ақпарат бер дейді. Бас екеу емес қой журналистің аяғын сындыратын. Мен онан да өз аяғымды сындырайын», - деген Қаниев жоғарыдағы сөзді айтпағанын айтып, ант су ішті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1083789-aqtobe-oblysynda-zhurnalisterdinh-ayagh/