Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандағы әрбір 10-шы әйел ботокс жасатуға құштар болып шықты

Опубликовано:

Оралда бетіне ине салдырған  әйелдің демде ажал құшқаны еліміздегі сұлулық салондары бетімен жұмыс істейді. Оларды ешкім бақыламайтыны өз алдына, «қуыршақ бетке» құштарлық та артып барады.

Бұл туралы Астана телеарнасындағы "Біздің уақыт" бағдарламасында айтылды.

Сатып алушы геометриялық прогрессиямен артқанда «кір» тасы да, «тауар» да үстемелене береді. Әрине, эстетикалық медицинаның дами беретіні, косметологиялық процедураларды ешкім тоқтата алмайтыны рас. Адамдардың әдемілік туралы ұғымы да, әдемілікті сақтау әдістері де әр түрлі.

Үш бала анасынан айырылып қалды, қырыққа толмаған әйел өліп кетті  -  денсаулық сақтау жүйесі, сэс «бұл біздің құзырымыздағы шаруа емес» дегенге келтіріп отыр, яғни  әйелдердің өздері ойлануы керек.

Әдемі әрі жас қалпында қалуды, әcте кім қаламас?! «Жоқ» деп бас ұрғанымен, оны іштей әрбір дерлік әйел заты, тіпті кейде еркек кіндіктінің өзі де құп көрері хақ. Бірақ кейде сол сұлулық жолында қыруар ақшаны айтпағанда, өмірдің де қиылып кетері бек мүмкін...

Сұлулықтың құрбаны болған 39 жастағы Айжан Жақанова есімді келіншек екен. Батыс Қазақстан облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының әйелі, 3 баланың анасы. Айжан сол күні екі ұртына әжімді жазатын жіпсалдыруды қалапты. Ал оған қауіпті инені косметолог Эльвира Юсупова салған. Мәскеуден арнайы шақыртылған деседі. Сұлулық салоны да марқұм үшін бөтен емес. Жолдасының орынбасарының әйелінің салоны көрінеді. Қазір, әрине «Звезда востока»-ның есігі тарыс жабық.

Болжамға қарағанда, марқұм анафилактикалық шоктан көз жұмған.  Косметолог та бірден қамалған. Қазір оның клиентіне нақты қандай ине салғаны анықталуда. Жақындары бірден 1 млн теңге кепілдік төлеп, Эльвира Юсупованы уақытша бостандыққа шығарып алмаққа талпынған еді.

Жалпы ботокс – сұлулық индустриясындағы сұранысы жоғары процедуралардың бірі. Беттегі ұсақ әжімді жойып, қыртысты қатпарларды сейілтуде күші  бір шама сеп. Оның – диспорт, ксеомин және лантокс сынды қосымша түрлері де бар. Әжімсіз бет жасауда таптырмайтын әдіс деседі оларды. Инъекциялық екпе болғанымен, фармацевтикалық дәрі дәрежесі жоқ. Бейресми есепке жүгінсек, бүгінде Қазақстанда әрбір 10-шы әйел осы инеге әуес көрінеді.

Алматылық Зулфия Омарова бетіне барынша күтім жасайтындардың қатарынан. Ботулотоксинді әзірге қабылдай қойған жоқ. Десе де, құрамында био қоспасы бар маскаларды жағады. Бүгін де сондай процедураны жасатуда.

"Сапасы жақсы нәрсенің бағасы да қымбат болады. Ең бірінші соған назар аударуға кеңес беремін біздің қыздарға. Егер сенімді дәрігер, мамандығы бар болса, мен өзімді оған қорықпай, сеніп тапсыра аламын", - дейді Зүлфия Омарова.

Бірақ сол сенімнен кейде шикіліктің шығатыны бар. Әсіресе, бүгінгідей сұлулық салондары мен «косметолог» деген мамансымақтардың қаптағаны шын. Барлауға қарағанда, солардың дені әуесқойлар, өз бетімен инъекция жасауды үйренгендер көрінеді. Тіпті қолдарында дерматокосметолог екенін айғақтайтын лицензиясы да, дипломы да жоқ. Мұндай пікірді Алматыдағы Эстетикалық медицина және пластикалық хирургия қауымдастығы да білдірді.

"Мен өз бетімен үйренген косметолгтар үшін қорқамын. Себебі арнайы медициналық білімсіз бұл салаға келсе, онда адам өміріне қауіп төндіреді. Ал бұл аса сақтықты  қажет ететін іс.  Клиент өз кезегінде маманның құжаты бар-жоғына көз жеткізіп алуы қажет. Бір өкініштісі, бізде адамдардың өздері арзан, әрі тез жасалатын процедураны алуға құмар. Міне, қиындық содан туындайды", - дейді  Эстетикалық медицина және пластикалық хирургия қауымдастығының жауапты хатшысы, дерматокосметолог Құралай Әлібаева.

Қызметкері камера алдыңда осылай деп жұмсақ айтқанымен, қауымдастықтың президенті Гүлнар Жұматова интернет-сайттың біріне бұл саланың шынында да жүгенсіз кеткенін жіпке тізгендей жеткізіп беріпті.

"Өкінішке қарай, күрделі дайындықты қажет ететін инъекциялық процедураларды лицензиясы, медициналық білімі жоқ дәрігерлердің жасауы белең алған. Оның үстіне, әлгі «мамандар» контрафактілік препараттарды пайдаланады. Тіпті үй, пәтер жалдап та екпе жасайтындардың саны шарықтаған. Әрі оларды тексеріп жатқан да ешкім жоқ", - дейді Эстетикалық медицина және пластикалық хирургия қауымдастығының президенті Гүлнар Жұматова.

Бет әрлеудің мұндай түрін бағасына қарамастан, әсіресе шоу бизнестегі сылқымдар көп пайдаланып жатады. Мәселен, әнші Меруерт Түсіпбаева ботокстің не екенін өте жақсы біледі. Тек одан қатты қорқып қалған.

"Ботоксті өмірімде бір-ақ рет жасаттым. Мәз боп үйге келсем, мына жерлеріме, ой құдай сақтасын, үйге келсем, дос қызыммен мәз болып сөйлесіп отырсам, көзім күледі, бірақ мына жерлерім тас, цемент болып қатып қалған ғой", - дейді Меруерт Түсіпбаева.

Әрине, мұндай құрбандыққа әйелдер көп ретте  ерлер үшін барады емес пе? Тек  бөріктілердің пікірі көріктілердің күткеніндей емес болып шықты. Серілердің қалауы - табиғи сұлулық.

Оралдағы оқиғадан кейін қазір елдегі барлық косметологтардың қызметі май шаммен қаралуы мүмкін. Себебі «Звезда востока» сән салонының Тұтынушылар құқығын қорғау комитетінің растауынша, лицензиясы болған. Бірақ санитарлық талап шеңберінде ғана берілген рұқсат. Ал ине салуға рұқсат берілмеген.

Сонымен бірге -шағын бизнес нысандарын тексеруге осы кезге дейінгі мораторий тұсау болып келген,- деп ақталады.

Бұл оқиғадан, әрине, қыз-келіншектер сабақ алғаны жөн-ақ. Әсіресе, беттерін әрлетуді қалап жүргендер. Себебі жасарудың құны тым қымбатқа шығуы мүмкін. Әңгіме ақша жайында ғана емес. Ал Эльвира Юсупова ісі қазір тергеушілер қолында. Косметологқа «кәсіби міндетін талапқа сай орындамады» деген айып тағылған. Егер кінәсі дәлелденсе, 5 жылға дейін сотталып кетуі мүмкін деседі. Ал бұл оқиғадан "ине салғыштар" сабақ алуы керек...

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1089696-qazaqstandaghy-arbir-10-shy-ayel-botoks-zha/

pixel