RU

Ақтөбеде мұнай компаниясының директоры өзінен 13 жас кіші қызды тоқалдықта ұстап отыр

Ақтөбедегі мұнай фирмаларының бірінде директорлық қызмет атқаратын 36 жастағы жігіт ағасы 23 жастағы бойжеткенді ата-анасына көрсетпей отыр. Қыздың туыстары «баламыз тоқалдыққа кеткен жоқ па» деп қауіптенеді.

Бұл туралы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Хабарсыз кеткен қыздың отбасында бір айдан бері берекет жоқ. Бір үйдің әлпештеп отырған қызы әкесіндей адамның жетегінде кете барған.

«Мен қызымды «сақалды жігіт алып кетті» деп полицияға арыз жазғанымда, жігіт қызыма «өз еркіммен келдім» деген түсініктеме жаздырған. Полицияға «некеміз қиылды» депті. Уәлисіз, әке рұқсатынсыз неке қиылмайды.  Сонда қалай некелескен, түсінбеймін?»,- дейді қыздың әкесі.

Уайымға салынған бес баланың әкесі қызын қалай құтқарарын білмей отыр.

«Қызым 2015 жылдың мамыр айында әлгі адамның мұнай компаниясына менеджер болып жұмысқа кірді. Күнделікті жұмыста болған жағдайларды айтып жүрді. Биыл ақпан айының соңында үйге жұмыстастары хабарласып: «Айжан бізге келгенде басқаша еді. Қазір өзгеріп кетті. Ол қазір бізбен бірге отырып тамақ ішпейтін болды», - дегенді айтты. Біз оның көп жағдайда бастығымен бірге болатынын естідік» ,- дейді әкесі.

Есеңгіреп қалған ата-ана қыздарымен сөйлеседі. Алғашында қызы әріптестерінің айтқан сөзін жоққа шығарған. «Кейін тұрмысқа шықсам қалай болады?», - деп қыздың өзі әңгіме қозғайды. Анасы күйеу баласының қызынан 14 жас үлкен және төрт баласы бар адам екенін естігенде бірден мұндай адамға тұрмысқа бермейтінін айтқан.

«Өзің 23 жасқа енді толдың, төрт баласын тастап кеткен адам ертең сені де тастап кетеді дедім. Қызымның көнбейтінін білгеннен кейін оған жұмысқа баруға тыйым салдық. 2 наурыздан бастап ешқайда жібермей үйде ұстадым. Қызым ренжіп, 4-5 күн бізбен шайға отыруды қойды. Күндіз оны бақылап, түнде үйдің кілтін жастанып жаттым», - дейді анасы.

Ата-анасы қыздары адаспау үшін барлық әрекетті жасаған.

«Оның бетін қалай қайтаруды білмей, атамыздың қамшысын жолға тастадым. «Егер сол адамсыз өмір сүре алмайтын болсаң, біздің батамызды керек емес деп санасаң, осы қамшыны аттап кете бер», - дедік. Сол кезде Айжан жылап: «Мен тоқтадым, бармаймын, ұмытамын», - деп антын берді. Ашылып, емен-жарқын қалпына қайта келді, еркелеп те жүрді»,- дейді әкесі.

Үйдегі тәртібін түзеген қыздары сенімге кіріп, жақындарын алдап соққан.

«Әбден ойынан қайтсын деп біз оны ешқайда шығармай жүргенбіз. Бір күні үйге «құрбысымын» деп бір қыз келді. Бұрын біз көрмеген қыз. Бірақ қызым таныды.  «Аға, Айжанмен «Мега Ақтөбеге» барып, бірдеңе алып қайтайық деп едім. Тек екі сағатқа жіберіңіз», - деп ол қыз менен рұқсат сұрады. Оған отбасындағы жағдайды да айттық. Құрбысы болсаң түсіністікпен қарап, абай боларсың деп ескерттік. Балам өз үйін түрмедей көрмесін, бойын жазып қайтсын деп рұқсат бердім. Рұқсат берсем де шыдай алмай, бір сағат өткенде өзіміз «Мега Ақтөбенің» алдына бардық. Құрбысының телефонына хабарласқанда көтерген жоқ.  Кейін өзі сыртқа шығып келе жатқанын айтқан. Арада 5-10  минут өткенде құрбысының өзі хабарласып, қызымды "джип" көлігін мінген ер адамның алып кеткенін айтты. Сол жерде шапқылап отырып полицияға барып, арыз жаздық. Бірақ олар қызымның жасы 23-ке толады деген кезде «ол өз еркімен кеткен сіз бекерден бекер шу көтеріп жатсың» деді. Түнімен полицияда отырдық. Сағат 11-ден кете тергеушінің алдында отырған кезде қызым хабарласты. «Папа мен өз еркіммен келдім. Ешкімді кінәлі санамаңыз» деп бір сөзді қайталай берді», - дейді әкесі.

Әкесі ер адамның тек төрт баланың әкесі ғана емес, күдікті ағымда жүргенін де құқық қорғау қызметкерлерінен естиді.

"Полицияда отырған кезде оның бұрын құқық қорғау органдарында лауазымды қызмет атқарғанын естідім. Олардан еш қайыр болмайтынын білгеннен кейін комитетке бардым. Қызымды алып кеткен жігіт олардың тізімінде тұрғанын айтты", - дейді әкесі болған жағдайды баяндап.

Амалы құрыған әке қызына қалай араша боларын білмей отыр.

«Мен қызымды қайтарып алатыным үлкен күмән болып тұр. Мұндай жағдайға тап болғандардың мен басы не соңы емес екенмін. Ешқандай құқық қорғау қызметкерлері маған нақты жауап бере алмады. Алданып қалған қызымды ешкім қайтара алмай отыр. Бетін әрі қылсын, бірақ бір жағдай болса жауапты менен алады. Балаңыздың әрекетін неге хабарламадың дейді. Егер бізді заң қорғамаса, үкімет қорғамаса біз қалай қорғанамыз? Балаларымыз сұрауы жоқ адамдай кете бере ме? Бұл қоғамдағы індет, қазір емдемесек, кеш болады. Қоғам қайраткерлері араласса екен деймін. Мен жағдайымда айтып, барлық жақынымнан көмек сұрадым. Қорыққаным, әрқайсысында осындай эпизод бар екенін естідім. Қызымда дуа бар деп ойлаймын. Оны гипнозбен ұстап отырған секілді. Қызымыздың заттарының арасынан араб тілінде ұсақ жазумен жазылған қағаздарды тауып алдық. Өткір иісті заттарын өртеп жібердік», - деген әкесі қызы қайта оралада деп үміттеніп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1091695-aqtobede-munay-kompaniyasynynh-direkt/