RU

Алматыда жалақы үшін жанжал шығарған автобус жүргізушілері жұмыстан қуылмақ

Алматыда жалақысына көңілі толмаған жүзден аса автобус жүргізушісі бір күнде жұмысқа шықпай қалды. Соның салдарынан №2, 34 және 73-бағытағы автобустар күнұзақ қаңтарылып тұрды.

Бұл туралы КТК арнасы хабарлайды.

Күніне 18 сағатқа дейін жұмыс істейтін жүргізушілер екі айдан бері 50 мың теңгенің айналасында ақша алып жүргендерін айтып, дау шығарды. Автопарк басшыларының да бұл ретте өз уәждері бар. Айтуларынша, әркімге істеген жұмысына сай қаражат төленіп келген. Сондықтан келіспей, шу шығарған жүргізушілерді жаппай жұмыстан қумақ.

xҮш бағыттың жүргізушілері таңнан бері автопарк алдында басшыларды торуылдаумен жүр. Талаптары нық – еңбекақыларын реттеу. Өйткені соңғы екі ай бойы жарытып жалақы ала алмай жүргендерін айтады.

«Автопарк» жекеге өткелі екі ай болды. Бірінші айында 26 мың теңге алдым. Тіршілігім былай тұрсын, тамағымның өзіне жетпей қалды. Біздің талабымыз, соңғы айларды қайта есептесін», - дейді Руслан Заудинов есімді жүргізуші.

Сөздеріне сенсек, жоспарлы түрде жұмыс істесе де жалақыларын оңдырмай қойыпты. Әрқайсының қолына ұстаған қағазында да екі ай ішінде екі түрлі жалақы алғандары анық көрсетілген.

«Адам сияқты сыйлап жатқан жоқ.  Айлығымызды жеп жатыр. Өткен айға толық істеген күннің өзінде 80 мың теңге берді. Бұл айға жоспардың бәрін асырдық, тағы 80 мың теңге. 2-3 ай бұрын 200 мың, 220 мың теңге алатынмын» , - дейді автобус жүргізушісі Құрманбек Шыналиев.

Бас-аяғы жиылған соң бүкіл жүргізуші басшының алдына бармақшы болған. Қаптай кірген қалың топтың алдынан автопарк директорының өзі шығып, ақысын даулағандар қызылкеңірдек айтысты бастап кетті.

Автопаркке иелік ететін «Green Bus» компаниясының басшылығы бұл олқылыққа жүргізушілердің өздерін кінәлады. Айтуларынша, қолма-қол төлемге үйреніп қалғандар «Оңай» жүйесі жаппай енгелі бері жұмысына енжар қарайтын болып алған.

«Жүргізушілер бұрынғы валидатормен жұмыс істеп үйреніп алған. Бірақ біз төлем жүйесін өзгертіп, жалақыны істеген жұмысына сай беретін болдық. Мәселе осыдан шығып отыр. Аз жұмыс істеп, көп ақша алғысы келеді. Жалақыларының аз шыққаны содан», - деді «Green Bus» ЖШС Алматы филиалының директоры Бауыржан Кұлышев.

Жұмыс беруші де, жүргізушілер де осылайша дегендерінен қайтпай отыр. Ал жұмысшылардың бүгінгі наразылығына қатаң сөгіс жарияланбақ. Егер ерегісті жалғастыра берсе, бәрі жұмыстан қуылады деп ескертті автопарк басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1095119-almatyda-zhalaqy-ushin-zhanzhal-shygharghan/