RU

Қазақстан кімдерге қарыз?

2015 жылдың  III тоқсанындағы деректер бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы 155,57 миллиард долларды құрапты. Бұл қарыздардың басым бөлігі Нидерландыға тиесілі екен. Бұл туралы lsm.kz порталына сілтеме жасап Абай басылымы жазды.

Ұлттық банк деректеріне сүйенсек, Қазақстанға несие беріп отырған мемлекеттердің ішінде фирма аралық қарыздар көп екен. Мемлекеттік борыштың 18%-ы Ұлыбританияға, 9 %-ы Қытайға тиесілі.

Нидерланды алдындағы Қазақстанның қарызы 2014 жылмен салыстырғанда сәл кеміген. 2014 жылдың осы кезеңіндегі қарыз сомасы 43,58 миллиард доллар болса, 2015 жылдың III-кезеңінде бұл көрсеткіш 43,13 млрд долларды құраған.

Алайда, мемлекеттің Ұлыбританияға қарызы өсіп, 10,2 пайызды құрапты. Сондай-ақ, Кайман және Вирджин аралдарына да қарызымыз өскен. Бұл аймақтар офшорлық тізімге енген. Сонымен қатар, Қазақстан Қытайға 13,35 миллиард доллар, Гонконгқа 5,12 млрд доллар қарыз.

"Жалпы мемлекеттің сыртқы қарызы елдің экономикалық өмірінің бөлінбес бөлігі. Осы кейде, экономикалық саясаттағы сала-құлаштарды сынағанымыз үшін де сөз естіп жатамыз. Ал ендеше сауатты түрде сараптап көрелік. Сыртқы қарыздың болуы экономиканың дұрыс жүргізілмегендігінен емес, керісінше макроэкономикалық саясат. Көп жағдайда мемлекет неғұрлым бай, әрі халықтың әлеуметтік ахуалы неғұрлым жоғары болған сайын мемлекеттік қарыз көлемі соғұрлым жоғары болмақ. Ендеше қарызды жергілікті мекендегі адам басына шағу қате ұғым. Өйткені оны халық төлемейді", - деп жазады басылым.

Себебі, еліміздің сыртқы қарызы: жалпы қарыздың 8,6 млрд доллар банк секторына, 11,2 миллард мемлекеттік секторға, 81,6 миллард доллар фирма аралық қарыз еншісіне тиесілі деп жіктеледі.

Басылымның жазуынша, Халықаралық вальюта қорының мәліметтері бойынша, Қазақстанның офшорлық аймақтардағы қарызы 7,2 миллиард долларды құрайды. Ұлттық банктің 2016 жылдың 1 қаңтарындағы қорытындысы бойынша, Қазақстан әлемге 153,45 миллиард АҚШ доллары қарыз екен.

"Неге десеңіз, біз тәуелсіздік алған жылдан бері жинақталып жатқан 197 миллиард доллардан асып жығылған шетелдік инвестиция тартудағы табысымызды жиі айтамыз, осы қаражаттың біраз бөлігін батыс пен шығыстың инвесторлары мұндағы еншілес компанияларына несие ретінде берді. Демек, әлдебір америкалық немесе ағылшындық фирманың еншілес компаниясы жоғарыдағы басшылыққа қомақты мөлшерде қарыз болса, мұны Қазақстан азаматтары қайтарып береді деген сөз емес. Олар қарызын өтемегеннің өзінде бұл қазақстандықтардың қалтасына салмақ салмайды. Десек те, бұл қарызды қайтару үшін экономикалық сарапшылардың пікірінше, өте ұзақ уақыт керек болады. Егер шикiзат көздері шетелдiк инвесторларға сатылмай, өз қолымызда болғанда, мемлекет сыртқы қарызын он жыл iшiнде өтей алады екен. Өкінішке қарай кезiнде шикiзат саласын шетелдiктерге арзан бағаға сатып жiберген. Аталған байлықтың қызығын шетелдiк инвесторлар ғана көрiп отырғаны жасырын емес. Ал қазіргі таңда Қазақстандық шикізатқа қаржы құйып, кәсіп домалатып отырған ең ірі 140-тан астам инвесторлар тіркелген", - деп қорытындылайды басылым.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1097308-qazaqstan-kimderge-qaryz/