Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қызылорда облысында мұғалім «қаламсап лақтырған» оқушының көзі көрмей қалды

Опубликовано:

Былтыр күзде Қызылорда облысы Қамыстыбас ауылында мұғалім «қаламсап лақтырып», оқушының көзі зақымданды. Мұғалім ауыр айыппұл арқалап, жұмыстан кетті. Ал наразы ата-ана баласын мектепке әлі жібермей отыр.

«Қаламсап лақтыру» оқиғасы 2015 жылы қарашаның 12-сі күні болған. Арал ауданы Қамыстыбас ауылы №21 орта мектептің 6-сынып оқушысы Айбек Сарыбаевтың көзіне тарих пәні мұғалімі Қуаныш Аманова «лақтырған» қаламсап тиіп, оның сол көзі көрмей қалған. Мұғалім сот шешімімен жұмыстан кетті. Бірақ анасы оқушыны мектепке жібермей отыр. Ал «көзімнің қарашығы ағып кетті» деген Айбектің өзі «сабаққа барғысы келетінін» айтады.

Оқиғаға байланысты 2016 жылы қаңтардың 25-і Арал аудандық соты шешім шығарған. Судья Дидар Мұратбекұлының шешімінде «сотталушы Қуаныш Аманова кінәлі деп танылды, оған 1 миллион 585 мың 600 теңге айыппұл салынып, 5 жылға педогогикалық және кәмелет жасқа толмағандармен жұмыс істейтін лауазымдарды атқару құқығынан айырылды» деп жазылған.

Жергілікті мектеп директорының сөзінше, мемлекетке төленетін айыппұлдан бөлек, «айыпталушы жәбірленуші тарапқа 1 миллион 500 мың теңгенің моральдық шығынын және 72 мың теңгенің материалдық шығынын өтеуге міндеттелген».

«ҚАРАШЫҒЫМ АҒЫП КЕТТІ»

Қамыстыбас ауылындағы №21 орта мектептің 6-сынып оқушысы Айбек Сарыбаевтың өзі оқиғаны Азаттық тілшісіне:

- Соңғы сабақ болатын. Өте жақсы оқып келгем. 6-сыныптың 1-тоқсанында бейнелеу пәнінен төртке шықтым. Артымда отырған қыз «Байғұс, бейнелеуден 4-ке шығыпсың ғой» деді. «Неге байғұс дейсің?» деп артыма қарадым. Мұғалім «артыңа қарама» деді. Алдыма қарай бергенде қолындағы ручканы жіберіп қалды, - деп баяндады.

Айбектің айтуынша, «қаламсап сол көзіне тиген, көзінен жылымық бірнәрсе аққан». Ол оқиғаның мұнан кейінгі жай-жапсары туралы:

- Көзімнен бірдеңе аққанын айтып ем «тыныш отыр, әйтпесе екінші көзіңді ойып алам» деді. Ешкімге айтқан жоқпын. Ертеңінде мектепке келдім. Бір көзім көрмей қалды. Апайға айттым, керек қылмады, - дейді.

Дәрігерлер диагнозы бойынша Айбектің көзінің нерв жүйесі жансызданып қалған, бірақ өзі «қарашығым ағып кетті» деп ойлайтынын айтады.

- Қазір далаға, суыққа шықпаймын. Мамам күн жылынған соң мектепке жіберем деген. Сабаққа барғым келеді, - дейді ол Азаттыққа.

ТАРАПТАР УӘЖІ

Азаттық тілшісі «қаламсап лақтырған» мұғалім Қуаныш Амановаға қоңырау шалды. Телефон көтерген, өзін «Дәурен Өмірзақұлы» деп таныстырған күйеуі «әйелінің қазір аяғы ауыр екенін, жүйкесіне салмақ түскенін, өткенді еске салмауға тырысатынын» айтып, тікелей тілдесуге қарсы болды. Оның айтуынша, «әйелі қаламсапты оқушыға қасақана жібермеген».

- Айбек артына қарап, маза бермеді деп оқушылар шағым жасаған. Қуаныш (әйелі – ред.) ескерту жасап, қолын сілкігенде қаламсабы шығып кетіп, көзінің үстіңгі қабатына тиген. Көзі ісініп бара жатқан соң, күшпен аудандық ауруханаға апардым, үш күн өткен соң. Одан Қызылордаға, Орынборға дейін қаратып келдім. Кешігіппіз. Дәрігерлер сөзінше, уақыт өте нерв жүйесі жанданады, сол кезде көзі көреді, - деді ол.

Дәурен Өмірзақұлы «Айбектің қарашығы сау екенін, қаламсап көздің үстіңгі тері қабатын зақымдап, іріңдегенін, нерв жүйесі соның кесірінен жансызданғанын» айтқанымен, жүйке талшығы қанша уақытта қалпына келетіні жайлы дәрігер болжамын баяндамады. Ал оқушы анасы Аманкүл Сарыбаева мұғалімнен бөлек, мектеп басшылығына да кінә артады.

- Мектеп басшылығы салғырттық көрсетті. Аудан мен облыс ауруханаларына сабылғанымда біреуі хабарласпады. Олимпиада өтіп жатқанын сылтау етті, мұғалім әрекетін жуып-шайды. Оқушы қауіпсіздігіне салғырт қарайтын басшылық тұрғанда баламды сабаққа жібермеймін, - деді ол.

Аманкүл Сарыбаева «мектеп басшылығы орнынан кетсе, екі аптаға болса да баламды мектепке жіберем. Әзірге өзім үйден оқытып жатырмын» деді.

Мектеп директоры Рысжан Әліпов бұл пікірмен келіспейді.

- Бала кешегі күнге дейін емделді. Күн жылығанда жіберем деген. Сынып жетекшісі барса, «қашан жіберетінімді өзім білем» депті. Ол кісімен бүгін (7 сәуір – ред.) сөйлестім. Өкпелі. Бізге қызметтік тексеру жасады ғой. Жазамызды алдық. Ол кісінің ойынша мұғаліммен бірге біз де кетуіміз керек. Қисынсыз талап қой, - дейді.

Мектеп директоры мен оның екі орынбасарына аудандық білім бөлімі тәртіптік шара қолданған. Мұны Азаттыққа аудандық білім бөлімі өкілі хабарлады. Аты-жөнін айтудан бас тартқан қызметкер:

- «Бала сабаққа бармайды» деген не сөз? Барады. Әлі емделіп жүр. Біз күнделікті мектеппен хабарласып отырмыз. «Күн жылынғанда барады» деген. Болған оқиғаға байланысты мектеп басшылығы тәртіптік шараға тартылды. Екінші мәрте жазаланбайды, - деп қысқа қайырды.

Мектеп директоры Рысжан Әліпов «мектеп тарапынан кеткен кемшілік болғандықтан, әліптің артын бағып отырғанын» айтады.

- Әзірге әрекетке барғанымыз жоқ. «Ата-ананы көндірейік, баланы сабаққа қатыстырайық» деп отырмыз. Енді 10-15 күн күтеміз, болмаса білім бөліміне шығамыз. Бала құқығын ата-ана шектеп отыр, - дейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1097742-qyzylorda-oblysynda-mughalim-qalams/