RU

Ақтауда қазақ сыныптарын жаппақ болған мектеп директоры дауға қалды

Ақтауда орта мектептің директоры қазақ сыныптарын жаппақ болып, даудың ортасында қалды деп хабарлайды 31 арна.

Қазақ сыныптарының білім сапасы төмен және мұғалімдер саны аз дегенді желеу етіп, ойын іске асырмақ болғанда, ата-аналардың қарсылығына тап болды. № 6 орта мектеп директорының қазақ сыныптарын жабу жөніндегі ұсынысы бірден ата-аналардың ашуын келтірді. Оннан астам тұрғын жиналып, қазақ сыныптарының өзге білім ордасына көшірілмеуін талап етті.

"25 жыл тәуелсіздік алып, енді қолымыз жеткенде өзіміз ел болдық дегенде бізді далаға лақтырып жатыр. Ол дұрыс па? Егер 8-мектепке көшіретін болса, мен балаларымды сабаққа жібермеймін", - дейді Иса Алмамбетов.

Орта мектепте барлығы 64 сынып бар. Оның алтауы қазақ, қалған 58-і орыс сыныбы екен. Қазақ сыныптарына небәрі  жеті мұғалім сабақ береді. Ұстаздар жетіспейді. Білім сапасының нашарлығы өз алдына, 1500 бала мектептің ішіне сыймай отыр  - дейді  директоры.

Сондықтан, ол алты қазақ сыныбын №8-орта мектепке ауыстыруды ойлаған. Өйткені, нөмірі 8-ші мектепте  қазір керісінше оқушы саны жетіспейді екен. Алайда, мұндай шудан кейін директор қазақ сыныптарын жабу туралы ойынан айнып қалды.

"Қазақ сыныптарының көрсеткіші төмен. Ата-аналар қарсылық білдірсе, бізде қалай қалпында болды солай қалдырамыз. Қазақ сыныптары қалады. Мен тек оларды ақылдасуға шақырғанмын", - дейді Ақтау қалалық № 6 орта мектептің директоры Жанар Жұмашева.

Ал, білім басқармасындағылар директордың өз бетінше құрған жоспарынан бейхабар болып шықты. Сөйтсек, қазақ сыныптарын өзге мектепке көшіру жөнінде директорға бұйрық берілмепті.

"Қазақ сыныптарын жабу туралы ешқандай тапсырма берілген жоқ. Берілмейді де. Бала өзі біледі қай жерде оқығысы келетінін. Жабылмайды қазақ сыныптары. Қазір бұл мәселе қатаң бақылауда", - дейді мектепке дейінгі және жалпы білім бөлімінің басшысы Клара Құлатаева.

Директордың уәдесіне күмәнмен қараған ата-аналар енді балалары үшін алаңдамайтын болды. Өйткені, білім басқармасының өзі аралас мектеп болып қала беретінін растап берді. Ал, мектеп басшысы жіберген қателігі үшін білім бөлімінен қатаң ескерту алуы мүмкін.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1098236-aqtauda-qazaq-synyptaryn-zhappaq-bolgh/