RU

Оңтүстік Корея Қазақстан азаматтарын жаппай елден шығаруда

Мың жарымнан астам қазақстандықтар Оңтүстік Кореядан шығарылды. Олар 2014 жылдың қарашасында енгізілген визасыз жүйені пайдаланып, елге кіріп алған болуы мүмкін деп хабарлайды NUR.KZ порталы "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.

Бүгінде Кореяның құқық қорғау органдары Қазақстаннан келген 10-20 туристі таңдап, елінен біртіндеп кетіріп жатыр.

Осы жылдың алғашқы үш айын Оңтүстік Кореяда өткізген 400-ден астам қазақстандықтар миграциялық заңды бұзғаны үшін елден шығарылды.

"Корея миграциялық қызметінің өкілдері кез-келген қазақстандықтан елге не үшін келгенін сұрап, тексеріске ала алады. Күдік туындаған жағдайда олар елден шығаруға құқылы", - дейді Қазақстан СІМ консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мәдиев.

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі бұл жайтқа алаңдаушылық білдіруде. Олар заңсыз мигранттардың Қазақстан имиджіне нұқсан келтіріп жатқанын және Оңтүстік Корея бір жақты визасыз жүйені алдырып тастауы мүмкін екенін айтуда.

Қазақстан СІМ-і оңтүстіккореялық әріптестерінен тексеріс барысында адал туристердің зардап шекпеуін сұрады.

Ал Корея түбегінде демалуды көздеп отырғандарға өзінің келу себебін түсіндіретін нақты жауаптарды алдын ала әзірлеп қойған абзал. Сонымен қатар, қайту билеті мен турфирма немесе компаниядан шақыртудың болғаны да дұрыс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1099501-onhtustik-koreya-qazaqstan-azamattary/