RU

Сотталушылардың бірі Ермегияев миллиондаған қаржыны қалай қолды қылғанын айтып берді

Астана қаласында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ экс-басшысы Талғат Ермегияев пен қазына қаржысын жымқырған өзге де тұлғаларға қатысты сот ісі жалғасып жатыр, деп хабарлайды BNews.kz.

Сот процесінде «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің техникалық-экономикалық  негіздемесін дайындау барысында ұрланған қаржы бойынша қылмыстық істің бір бөлігі қаралды. Аталмыш эпизод бойынша SHM Architecs ЖШС басшысы Шоқан Матайбеков түсініктеме берді.

Айта кетейік, оның алдында Rona LTD ЖШС басшысы Урал Ибадильдина сот алдында өз кінәсін мойындаған болатын. Ол Талғат Ермегиевтің көмегімен «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің техника-экономикалық негіздемелерін дайындау бойынша келісімшартқа қол жеткізген. Кейін «ЭКСПО-ның» экс-басшысына үлкен сомада пара беріп отырған.

Ибальдина Матайбековке техникалық-экономикалық  негіздеме құжаттарын дайындап, суб-мердігер ретінде қатысуға ұсыныс білдірген. Суб-мердігердің жұмысы 100 млн теңгеге бағаланыпты. Алайда Ибадильдина Матайбековке өз талабын қойған. Келісім бойынша Матайбековтің компаниясына қосымша ақша аударылады деп жоспарланған. Бірақ ол  қаржыны қолма-қол ақшаға айналдырып, қайтарып отыруы тиіс болған. Себебі, Ибадильдинаның айтуынша, бұл ақшалар Ұлттық компания басшылығы мен Талғат Ермегияевқа пара ретінде берілген.

Матайбеков жоғарыда аталған талаптарға келісіп, өзінің танысы Аян Адамбаевтан көмек сұраған.

«Осы әңгімеден кейін танысым Аян Адамбаевтан көмек сұрадым. Екеуміз кездесіп, мәселені талқыладық. Ол келісе отырып, соманың 10%-ын алатынын айтты. Мен комиссия туралы Ибальдинаға түсіндірдім, ол келісті», - деді Матайбеков.

Кейін Матайбеков болған жағдайды толығырақ түсіндірді.

«Rona LTD компаниясынан менің есеп шотыма 60 млн теңге түсті. Урал Шарипова аталған соманың 40 млн теңгесін қолма-қол ақшаға айналдыруды сұрады. Мен Аянға қоңырау шалдым, ол барлық реквизиттерді  алып келді. Осы реквизиттер бойынша шарт жасап, 40 млн теңгені тиісті жерге аудардым. Бірнеше күн өткеннен кейін Аян өзіне тиісті 10%  комиссияны алып, маған 36 млн теңге әкеп берді. Сол күні Урал Шариповаға хабарластым. Ол келіп, ақшаны алып кетті. Менде 20 млн теңге қалды, бұл жұмысты бітіру үшін қалған сома болатын», - деді Матайбеков.

Rona LTD ЖШС маған 120 млн теңге аударды. Урал Шарипова менен аталған соманың үстіне 10 млн теңге қосып, 130 млн теңгені қолма-қол ақшаға айналдыруды сұрады. Аянға хабарластым. Ол маған басқа реквизиттерді әкеп берді. Осы ақшадан 10% комиссияны алып тастап, 117 млн теңгені Аян маған бірнеше күннен кейін әкеп берді. Сол күні бұл қаржыны Ибадильдина алып кетті», - деді Матайбеков.

Оның айтуынша, келесі транш бойынша кедергілер болған.

«2014 жылдың ақпан айында Урал Шариповна Rona LTD компаниясынан менің есеп шотыма 290 млн аударды. Оның айтуы бойынша, мен 220 млн теңгені қолма-қол ақшаға айналдыруға міндетті болдым. Бірақ кедергілер шықты. Аян кеңсені ауыстыратынын айтты. Осы уақытта Урал Шариповна Талғат Ермегияевтің шұғыл түрде ақшаны талап еткенін жеткізді. Осыдан кейін Урал Шариповна жоқ дегенде жоғарыда аталған соманың 30%-ын, яғни 60-70 млн теңгені аударуды сұрады. Мен өзімде 20 млн теңге бар екенін айттым. Урал Шариповна келісіп, келесі транштан қайтаруға уәде берді. 8 наурыздан кейін мен Аянның реквизиттері бойынша 220 млн теңге аудардым. Ол 10% комиссиясын алып, маған 198 млн теңге әкелді. Мен өзімнің 20 млн теңгемді алдым. Ал қалған 178 млн теңгені Урал Шариповна алып кетті», - деді Матайбеков.

Адвокаттың «Ол (Урал Шариповна – Bnews.kz) ақшалардың кімге тиесілі екенін айтты ма?» деген сұрағына Матайбеков: «Ол (Урал Шариповна – Bnews.kz) бұл ақшалардың ЭКСПО басшысы Талғат Ермегияевке тиесілі екенін айтты», - деп жауап берді. Сонымен қатар айыпталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған істеріне өкінетіндігін жеткізді.

«Менің бұл әрекеттерім қаржы жымқыруға, пара беруге, делдалдыққа жата ма, жоқ па, білмеймін. Ұсталдым. Параны бермеуім керек еді! Өзім кінәлімін!», - деді Матайбеков.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1099548-sottalushylardynh-biri-ermegiyaev-mill/