Қаңғыбас иттерге таланған қыздың қазасына мамандар әке-шешесін кінәлады
Опубликовано:
Алматының ветеринарлары қаңғыбас иттерге таланған қыздың қазасына оның әке-шешесін кінәлады, деп хабарлады КТК арнасы.
Маңайда иесіз хайуандардың өріп жүргенін біле тұра, баласын қараусыз қалдырды деген санитарлық қызмет басшылары иесіз итті аулау бірінші кезекте өздерінің міндеті екенін ұмытқан сыңайлы. Негізі бұл жұмысқа жыл сайын бюджеттен миллиондар бөлінеді. Ал ауласының алдында итке жем болған бүлдіршін жер қойнына тапсырылды.
Қазір қара жамылған үйдің есігінде құлып қана тұр. Көршілерінің айтуынша, аяқасты кенжесінен айырылған отбасы Жаркентке кетіп қалған. Онда итке таланған бүлдіршін жерленді.
Ал қайғылы оқиғадан кейін іске білек сыбана кіріскен ит аулаушылар таңертеңгілік келіп, тағы 10 қаңғыбас хайуанды ұстап әкетіпті.
Көршілер мұндай оқиғаның енді қайталанбауы үшін алдымен қаңғыбас иттердің мекеніне айналған ескі ғимаратты құрту керек дейді. Себебі, мақұлықтар қараусыз қалған нысанның бұрыш-бұрышында тығылып жатады екен. Ал қабаған иттердің бұған дейін үлкендерге де тап берген кездері болған.
"Аулада 10, 20, 30 иттен жүреді. Мылтығы бар адамды жейтін иттер жүреді. Ферманы құрту керек", - деді алматылық тұрғын Марат Әшімов.
Ал ит аулаушылар бұған дейін жіберіп алған олқылығын жуып-шаюға тырысуда. Бұған дейін жекеменшік ғимараттардағы иттерге тиісе алмаймыз деген ветеринарлар 2 күннің ішінде осы аумақтың өзінен 40-тан аса қаңғыбас хайуанды ұстапты.
Тек ит аулаушылар өздерін сүттен ақ, судан тазамыз деп отыр. Ал кішкентай Әнелдің тіпті өліміне иттердің қаптап жүргенін біле тұра баласын қараусыз қалдырған ата-анасын кінәлады.
"Нақты ешқандай арыз-шағым кеп түскен жоқ бізге. Осындай-осындай ит қаптап кетті деп. Төңіректегі көршілердің кінәсі. Жаңағы үйдің иесінің кінәсі. Кішкентай баланы қараусыз жіберіп қойған. Одан кейін иттердің бәрін байламайтындықтан осындай оқиға болып отыр", - деді Алматы қалалық ветеринария орталығы директорының орынбасары Жылкелді Тілесбаев.
Ал осы іске қатысты сот-медициналық сараптаманың нәтижесі кемі 20 күннен кейін ғана белгілі болмақ.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1101956-almaty-veterinarlary-qanhghybas-itter/