Астанада Еурокомиссия өкілі жылқының етін жеуден бас тартты (фото, видео)
Опубликовано:
Еуропалық комиссияның ауыл шаруашылығы мәселесі бойынша комиссары Филип Хоган Қазақстан нарығындағы азық-түліктерден дәм татты деп хабарлайды NUR.KZ порталы Kazpravda.kz сайтына сілтеме жасап.
Алдымен Хоган граната сусынынан дәм татып, оған жоғары баға берді.
"Керемет органикалық сусын, сапасы да тамаша. Менің ирландық талғамыма жақсы үйлеседі. Өзге сусындармен салыстырғанда, бұл қатты тәтті емес екен. Еуропада мұндай сусыннан бұрын-соңды дәм татқан емеспін", – деп тамсанды комиссар Филип Хоган.
Ет сөресіне жақындаған Хоганға жылқы етінен әзірленген тағамнан дәм тату ұсынысы жасалды. Алайда еуропалық азамат одан сыпайы түрде бас тартты. Ол жылқының орнына шошқа етін байқап көруге ниет білдірді.
"Шошқа еті өте дәмді екен. Бұл ет Еуропада әлдеқайда құрғақ. Жергілікті ет жеміс-жидектер секілді өте балғын екен. Бұл азық-түліктің табиғи екенін аңғартады. Ал жылқы етіне келер болсақ, мен оны жемеймін. Жылқы біздің елде үй жануарымен тең, сондықтан оны жей алмаймын", – деп түсіндірді Хоган.
Одан кейінгі кезек польшалық және алматылық алмаларға келіп түсті. Екеуінен де дәм татқан Хоган қайсысы дәмдірек екенін дөп басып айта алмады.
"Польша алма өсіруден әлемде алдыңғы қатарда. Бірақ мына алмалар (қазақстандық) да өте дәмді екен", – деді ол.
"Қазақстанда азық-түлік нарығы жақсы деңгейде болғандықтан, мен оларды аралап, Еуропаның нарығымен салыстырмақ болдым. Бұл - жергілікті азық-түлікті көріп, дәм татудың ең тиімді тәсілі. Олар еуропалық аналогтармен бәсекеге түсе алатынына күмәнім жоқ. Ал қияр мұнда Еуропадағы қиярдан гөрі әлдеқайда дәмді ", – дейді Хоган.
Бұл Филип Хоганның Қазақстанға алғашқы сапары. Ол Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековпен кездесіп, Қазақстамен ынтымақтастықты дамытудағы жоғары қызығушылығын сөз етті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1102795-astanada-eurokomissiya-okili-zhylqyny/