RU

Ақтөбелік жастар "Чупа-чупс" сатып, мүгедек баланың үйіне еврожөндеу жасап берді

Қазақстан мұсылман діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша жастар ісі жөніндегі өкілі Әлішер Садық NUR.KZ тілшісіне жастардың мұқтаж жандарға қалай қамқорлық жасағанын айтып берді.

Олар «Жүректен жүрекке» акциясы арқылы жарымжан жандарға қолдау көрсетіліп жатыр.

«Жүректен жүрекке» акциясының Ақтөбе қаласында жұмыс жасап жатқанына бір жарым жыл болды. «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде өз группамыз бар. Бір жарым жыл ішінде 2,5 миллион теңге жиналып, мұқтаж адамдарға көмек көрсеттік. Мешіттің алдында, сауда орталықтарында акциялар ұйымдастырамыз. Чупа-чупс, қолдан пісірілген тамақтар сатамыз, футболдан турнирлер өткізіп, түскен ақшаны көмек сұрап келгендерге қолдау ретінде береміз», -дейді ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша жастар ісі жөніндегі өкілі Әлішер Садық.

Қайырымды жандардар құралған жастар жұмыстарынан тыс уақытта келіп, жалғызбасты ананың үйіне евро жөндеу жасап берген.

«Мүгедек бала өсіріп отырған жалғызбасты ана Гүлмира Есбергенованың үйіне жөндеу жұмыстарын кеше ғана жасап бітірдік. Ол бізге әлеуметтік желіге тіркеліп көмек сұрады. Оның қызы, Инабат деген қарындасымыз сал ауруына шалдыққан екен. Оған емге ақша жинау үшін мешіт алдында акция ұйымдастырдық. 95 мың теңгедей қаржы жиналды. Ол ақшаны Инабат есімді қарындасымыздың анасына апарып беру үшін үйіне бардық. Мүгедек баланы бағып отырған анаға көмек ретінде мемлекет баспана берген екен. Үй ескі, сыз тартып кеткен. Оны көргеннен кейін өз арамызда ақылдасып, қарындасымызға салқын тиіп ауырып қалмасын деген оймен баспанаға жөндеу жасауды ұйғардық», -дейді Әлішер Садық.

Жұмыстарынан шығып түнімен жөндеу жүргізген жастар үйді 5 күннің ішінде қалпына келтіргендерін айтады.

«Демалыс күні көшеге шығып, чупа чупс сатып, 45 мың теңгедей ақша жинадық. Ол қаржыға құрылыс бұйымдарын алып, үйді 5 күннің ішінде жөндеп бердік. Балалардың барлығы жұмыстан тыс кездегі уақыттарын бөліп, түнімен жөндеу жұмыстарын жасады. 15 сәуірге дейін үйді толық жөндеп болдық», - дейді Әлішер.

Жалғы басты ананың көңіліне медеу сыйлаған жастар мұндай шараларды болашақта да жасайтындарын айтады.

«Жүректен жүрекке» акциясын ұйымдастырушылар мүгедек бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Гүлмира Есбергеноваға әлі де көмектің керек екенін айтады. Анаға баласын емдеу үшін көп қаржы керек.

«Қолдау білдіремін деген жан шарадан қалыс қалмаса екен. Көп түкірсе - көл. Мүгедек баланың ем алуына қаржы керек», - дейді Әлішер Садық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1105876-aqtobelik-zhastar-chupa-chups-satyp-muge/