Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Маржан Тұрлыбаеваның тағдырын шешетін сараптама тағы да Шымкентте жасалады

Опубликовано:

8 жылдық ғұмырын жындыханада өткізген шымкенттік Маржан Тұрлыбаеваның алдағы тағдырына нүкте қойылатын күн жақын. Бүгінгі таңда Маржанның қорғаншысы болып отырған Түркістандағы индомның директоры жергілікті сотқа шағым түсірген.

Онда жындыханаға тоғытылған бойжеткенге қойылған диагноздың өзгеруіне байланысты  оның мүгедектік тобын төмендету үшін тағы да сараптама жүргізуді сұраған.  Бұл іске қатысты алғашқы сот отырысы өтті. Судья Дина Бейсенбекова   осымша сараптама тағайындау туралы ұйғарым шығарды.

Бір қызығы судья сараптама жасауды шымкенттік мамандарға сеніп тапсырып отыр. Бұл туралы өмір бойына жындыханаға тоғытылған Маржан туралы мәліметті бірінші болып көтерген журналист Гүлжан Байназарова NUR.KZ-тің аймақтағы тілшісіне баяндап берді.

"Дайындық соты Түркістанда өтті. Оған өзім де қатыстым. Менің түсінбейтінім, судья бұған дейін екі рет қоғамға қауіпті деп шешім шығарған мамандарға тағы да сенім артып отыр. Бұл қалай болғаны сонда? Екі рет ауру деп тапқан олардың үшіншісінде де алғашқы сараптама қорытындысын тағайындап бермесіне кім кепіл? Алматыдағы сараптама Маржанның бойында шизофрения белгілері жоқ екенін және оның қоғамға қауіпсіз екенін анықтады. Бұл сараптама қорытындысынан кейін Маржанның мүгедектік тобы түсірілу қажет. Сосын индомнан шығарылу керек", -  деді Гүлжан Байназарова.

Одан өзге журналист Маржанға қорғаушы мемлекет тарапынан берілгенін, алайда адвокаттың сот процесінде өз клиентінің құқығының жақтаған былай тұрсын, істің кейбір тұстарымен сол отырыста танысқанын айтты. Мұны байқаған Байназарова Маржан Тұрлыбаеваның қазіргі қорғаншысы әрі Түркістандағы индомның директорына ақылы қызмет көрсететін сауатты адвокат жалдауға кеңес береді. Директор алғашында келісіп, бірақ соңында журналистің қоңырауларына жауап бермей, қашып жүр екен.

"Ұйғарым шығарған судья шағым түсіруге болмайды деді. Біз сараптама Тараз немесе Астанада жасалуын сұрандық. Бірақ, қарсы болды. Бәрі бір-бірімен сыбайлас, ауыз жаласып, бір-бірлерімен келісіп алған бұлар", - деп ашуланды ол. Айтуынша, сараптама Шымкентте жасалмаса, шымкенттік мамандардың осыдан сегіз жыл бұрынғы былықтары ашылып қалуы мүмкін.

Бойжеткеннің тағдырына алаңдаған журналист ОҚО сотының төрағасы мен облыс прокурорына ашық хат жолдап үлгеріпті. Онда бұл жайтқа қатысты Түркістан қалалық полиция бөлімі қылмыстық іс қозғап, сот-медициналық сараптама тағайындағаны жазылған.

«Алматы қаласына республикалық сарапшылардың тексеруіне жіберді. Араға бір ай салып, республикалық сарапшылар Маржан Тұрлыбаеваның дені сау екенін дәлелдеп берді. Бірақ, ашуланшақ мінезі бар екенін айтты. Қорытынды  2016 жылдың 16 ақпанында шықты. Мәлімдеулеріне қарағанда, бұрынғы жергілікті мамандардың қойған "шизофренияның жай түрі" диагнозын жоққа шығарып берді. Тергеу амалдары кезінде жәбірленуші өз сөздерінің мәнін түсінеді әрі тергеушінің сұрақтарына түсініктеме бере алады делінген. Алайда құзырлылар Маржанды жәбірленуші ретінде таныған жоқ, одан ешқандай жауап та, түсініктеме де алған жоқ», - делінген ашық хатта.

Естеріңізге сала кетейік, былтыр өмір бойына жындыханаға тоғытылғандықтан  Маржан Тұрлыбаева әлеуметтік желі арқылы елден көмек сұраған болатын. Тіпті балалар үйінде өскен ол асыранып алынған талай азапты күн кешкенін де баяндап берген.

Бұл оқиға ел ішінде үлкен резонанс тудырып, аталған жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалғанымен, іс белгісіз себептерге байланысты тоқтатылған.

Ерекше атап өтерлігі, республикалық мамандар Маржанның қоғамға қауіпсіз екенін және өз сөзіне жауап бере алатыны туралы сараптама қорытындысын шығарды. Одан бері біраз уақыт өтсе де оңтүстікқазақстандық мамандар оны жындыханадан шығаруға асығар емес.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1106894-8-zhylyn-zhyndykhanada-otkizgen-marzhan-tu/