Қостанайда асырап алған қызын белбеумен ұрғандар жазаланды

Опубликовано:

Қостанай облысының кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 12 жасар қыз балаға патронат тәрбиелеушінің дене зақымын келтіруі бойынша қылмыстық іс қаралды.

Бұл туралы Қостанай таңы хабарлайды.

Оқиға 2015 жылдың 22 желтоқсанында сағат 23.00 шамасында Қостанай ауданының Ульянов ауылында болған. Қыз баланы ұрып-соғуға оның үйге кеш келуі себеп болған. Асырап алған анасының жұмсауымен азық-түлік алып келу үшін сағат жеті шамасында дүкенге кеткен қыз құрбыларын кездестіріп, үйге кеш келген.

Бұл уақытта патронатты ата-ана оны іздеп әуреге түсіп жатқан. Қыз үйге келісімен ата-ана оған бас салып, қамшымен, белбеумен екеулеп ұрып-соғады. Мектепке барған бала денесінің ауратындығын айналасындағыларға айтып қояды. Сол кезде қыз баланың денесін көрген мұғалімдер дабыл қаққан.

Асырап алған ата-анасымен ол 6 жастан бері тұрып келеді. Бұл уақыт аралығында баланы олар бірнеше рет жазалаған. Патронат тәрбиелеушілердің қамқорлығында тағы 5 бала болған. Педагогтар мен көршілері зәбір көрген қыздың оқу үлгірімі жақсы, тәртіпті, сыпайы, жаман қылық көрсетпегенін айтып, қыз баланы жақсы мінездеп берді. Алайда ата-ана барлық мінездемені теріске шығарып, тәрбиеге көнбейтіндігін алға тартады.

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексінің 72 бабына сәйкес, баланы тәрбиелеу тәсілдері адамның қадір-қасиетін кемсітетін немқұрайлылықты, қатыгездікті, дөрекілікті, баланы қорлауды немесе қанауды болғызбауға тиіс. Бұл отбасында балаға зәбір көрсетіп тәрбиелеу әдеттегі жайт болғанға ұқсайды.

Сотталушы патронат тәрбиелеушінің сөзінше, ол тәртіпке салудың мұндай түріне баруға мәжбүр болған, себебі бала тәрбиеге көнбейді, айтқан сөзді ұқпайды. Сот тәрбиелеушіні ҚР ҚК-нің 140 бабы 2 бөлігі бойынша (Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi ата-анасының немесе өзiне осы мiндеттер жүктелген өзге адамның, сол сияқты педагогтiң қатыгездік танытуымен ұласқан орындамауы) айыпты деп таныды.

Сот үкімімен оған 120 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылу түріндегі жаза тағайындалып, 3 жыл мерзімге бала тәрбиесіне, патронат, қамқоршылыққа қатысты қызметпен айналысу құқығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1107429-qostanayda-asyrap-alghan-qyzyn-belbeu/