Оралда науқас қызына өз бүйрегін беруге бел буған әке ота жасатқанға ақша таппай сабылып жүр
Опубликовано:
Оралда Альбина есімді 17 жастағы бойжеткен 6 сағат сайын диализ жасатумен күнін көруде. Төрт қабырғаға қамалған қызының өмірін өзгерту үшін әкесі оған өз бүйрегін беруге бел буған. Алайда отбасы отаға ақша таба алмай отыр деп хабарлайды NUR.KZ порталы "Уральская неделяға" сілтеме жасап.
Переметное ауылында тұратын Дүйсембаевтар отбасы қиын жағдайда отыр. Үлкен ұлы Алтынбекке, егіздері - Асқарбек пен Альбинаға Мырзағали Дүйсембаев барынша қамқорлық танытады. Алайда, үш жыл бұрын Альбинаға дәрігерлер ауыр диагноз қойды.
Дене шынықтыру сабағында есінен танып қалған Альбинаның бүйрегінде ақау бар болып шықты. Қамқор әке айлап емханада жататын қызының қашан да қасынан табылып, оның аяқтан тұрып кетуі үшін барын салуда.
Мырзағали 2009 жылы ішкілікке салынған әйелімен ажырасып, балаларын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр.
Үйде анасы болмаса да Мырзағали балаларына оның жоқтығын сездірмеуге тырысады. Тамақты өзі әзірлеп беретін әкесіне қызы Альбина, тіпті ұлдары да көмектесіп жүреді.
Осы жылы мектеп бітіретін Альбина медколледжге оқуға түсіп, науқас жандардың көмекшісі болуды армандайды.
"Желтоқсан айында жасанды бүйрек орнатқанында қатты ауырсындым, әзірге шыдауға болады", - дейді Альбина.
Жасанды бүйрекпен ешқайда шыға алмайтындықтан, бойжеткен мектепке барудан да қалған. Мұғалімдер өздері келіп, оған білім беруде.
Интернет арқылы бүйрек доноры табылғанымен, ол 50 мың доллар сұратқан. Ал Дүйсембеевтер отбасында ондай қаражат жоқ.
2016 жылдың ақпанында дәрігерлер Мырзағалидің өзі қызына донор бола алатынын, алайда бұл қадамнан кейін ол мүгедек болып қалатынын мәлімдеді.
Жеке кәсіпкерлікпен құрылысшы болып жұмыс істейтін Мырзағали, тіпті мүгедек болып қалса да отбасын асырауы тиіс екенін жақсы түсінеді.
"Өткен жылы мен монша сала бастадым. Мүгедек болып қалсам, моншаны жалға беріп-ақ ақша тауып отырамын деген оймен жүрген едім. Алайда Альбинаның жағдайы жаздан бастап нашарлап кетті. Отаға дайындалып, сол беті моншамды салып бітіре алмадым…", - дейді ол.
«Мен балаларым үшін әкенің де, ананың да орнындамын»
Бір ай ішінде 250 литр диализ сұйықтығын қабылдайтын Альбинаға ем тегін көрсетілуде. Бастапқыда әйелін балаларына жақындатқысы келмеген Мырзағали қызының көңіліне қарап райынан қайтқан.
"Ұлдарым онсыз жүре алғанымен, қызымның бауыры бұрып тұрады. Бүгінде ол бізге арасында келіп тұрады. Қызым мәз болып қалады, ал мен ол кездері үндемей үйден шығып кетемін", - дейді ол.
Мырзағали үй тіршілігіне қарайласатын өзге әйелді алып келуге тырысқанымен, балалары оған қарсы шыққан.
"Үйге келсем, балаларым оқшауланып отырады, ал жаңа әйелім қашан да асүйде ашулы жүреді. Содан кейін жеке өмірімді ысырып қоюға бел будым. Балаларым үшін мен әкенің де, ананың да орнындамын", - дейді ол.
Альбинаға бүйрегін беру шешімін өзге балалары дұрыс деп қабылдап отыр.
"Бүйрек сатып алуға 17 млн қаражат жоқ. Оның ішіне сұйықтық құйылған сайын қалай қиналатынын қарап отырудан шаршадық... Альбинаны зат секілді кейінге ысыра салуға болмайды, бәріміз оған да, әкемізге де қарайтын боламыз", - дейді ұлдардың бірі Асқарбек.
Қызымның барына бақыттымын
"Қызымның барына бақыттымын. Ол қашан да менің тамақтанғаныма, денсаулығыма алаңдап отырады. Құшақтап, маңдайынан сүйгенде "қызыма неліктен мұндай ауыр сынақ түсті екен" деп ойлайтыным бар. Оның денсаулығы мықты болғанын қалаймын", – дейді қамқор әке.
Егер Альбинаға көмектесуге ниетті болсаңыз, мына нөмірге хабарласа аласыз: 87770617502 – бұл Мырзағалидің нөмірі немесе 87027234511 («Жұлдыз» қайырымдылық қорының менеджері) нөміріне қоңырау шалыңыз.
Халық банктегі шот нөмірі: KZ 3960 1000 2007 887 984
Киви әмиян: 8 771 306 61 72
Людмила Калашникованың материалынан аударылды, фото: Рауль Упоров
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1111413-oralda-nauqas-qyzyna-oz-buyregin-beru/