Головкин мен Уэйдтің кездесуін жүргізген комментаторлар сынның астында қалды

Опубликовано:

Қазақстандықар Головкиннің кезекті жеңісін ғана айтып қоймай, «Қазақстан» телеарнасы тікелей эфирде жүргізген трансляцияның сапасын да сөз етуде деп хабарлайды Skifnews.kz.

Кәсіпқой бокстан орта салмақтағы WBA (Super), IBO, WBC (Interim) және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы жерлесіміз Геннадий Головкин кезекті жеңісіне қол жеткізді. Лос-Анджелестегі «Форум» аренасында америкалық Доминик Уэйдпен кездескен GGG небәрі 6 минутқа жеткізбей қарсыласын құлатып, шаршы алаңдағы 35-ші кездесуін нокаутпен аяқтады.

Басылымның жазуынша, жерлесіміздің жеңісін айтып сүйіншілеген жұрт әсіресе әлеуметтік желілерде белсенділік танытуда. Дегенмен, интернет пайдаланушылары тек Головкиннің жеңісін ғана айтып қоймай, «Қазақстан» телеарнасы тікелей эфирде жүргізген трансляцияның сапасын да сөз етуде. Техникалық сапасы емес әрине, бокс кешін жүргізген комментаторға сын айтылып жатыр.

"Сын айтатындайы да бар. Біріншіден, небәрі 5 жарым минутқа созылған жекпе-жектің жартысын қазақтілді комментатор Асхат Сағынай орыс тілінде жүргізді. Оның тіл байлығына тоқталмай-ақ қоялық, бірақ бұл телеөнімдерін 100% қазақша көрсетеміз деп мақтанған Ұлттық арна емес пе? Жарайды, көпұлтты елміз, Головкинді баршасы көргісі келетін шығар, онда неге орыстілді комментаторды да қатар шығарған жоқ?", - деп жазды басылым.

Отандық БАҚ-тың жазуынша, комментаторға тағылар тағы бір сын - ол эфирге мүлдем дайындалмаған.

"Біз солай жорамалдадық. Дайындалса шағын болса да талдау жүргізуі тиіс еді. Мәселен, Головкиннің неліктен ТОП-боксшылармен кездесе алмай жүргендігі, осы салмақтағы мықтылар туралы жаңалықтар, алдағы жоспарлары, болжамдар және тағысын-тағы. Бірақ, Асхат Сағынай ол туралы мүлдем сөз қозғаған жоқ, тек Доминик Уэйдтің әлсіз қарсылас екенін, рингте қорқып жүргенін және Головкинге мүлдем соққы батпайтынын қайталаумен болды. Тіпті, жекпе-жек біткеннен кейінгі Головкиннің қысқа ғана ағылшын тілінде берген сұхбатын қазақшаға аудара алған жоқ. Бұған дейінгілерін де аудармаған", - деп жазды басылым.

Басылым сондай-ақ тек жалғыз Асхат Сағынай жайында айтып отырмағынын ескертті.

"Жалпы, «Қазақстан» арнасындағы қазақтілді спорт комментаторларының тым сөзге жұтаң, ізденісі жоқ жалқау екенін айтқымыз келіп отыр. Өйткені, Головкиннің бұған дейінгі жекпе-жектерін көрсету кезінде де дәл бүгінгідей жағдайлар орын алатын. Және тек бокс кеші ғана емес, өзге де спорттық трансляциялар кезінде «Қазақстан» болсын, «Қазспорт» арнасы болсын, теледидардың дыбысын өшіріп тастап көруге мәжбүр боласың. Мәселен, кеше ғана Ташкентте дзюдодан Азия біріншілігі аяқталды. «Қазспорт» телеарнасы («Қазақстан» РТРК-ға қарасты) оны тікелей эфирден көрсеткен болатын. Әлем чемпионы Елдос Сметовтың белдесуін жүргізген комментатор залға жиналған өзбек жанкүйерлерін дзюдо көру үшін емес, даладағы ыстықтан қашып келгендігін айтып, мысқылдап отыр. Сондай-ақ, осы күні татамиге шыққан қытайлық қыздардың да түрлерінің қызға емес, жігітке ұқсайтынын айтып бір күліп алды. Қысқасы, миллиондаған көрермені бар арнаға адекватты комментатор керек", - деп ой тастады отандық БАҚ.

Басылым сонымен бірге футбол матчтарын қарап отырып та қазақ комментаторларының сөзге жұтаң екенін байқауға болатынын атап өтті.

"Футбол матчтарын қарасаң да қазақ комментаторлары «қарныңды аштырады». Тікелей эфирде статистика, талдау, сараптама айтудың орнына футболшылардың шыққан тегі, туған жері, туған-туыстары туралы керексіз ақпараттарымен бөлісіп отырғаны. Көпке топырақ шашқымыз келмейді дейін десек, қазақтілді спорт комментаторларының көбі осындай. Кәсіби комментаторлар тек «Қазақстан» мен «Қазспорт» арнасында ғана емес, бүкіл елде жоқтың қасы. Бәлкім ірі телекорпорацияларға арзан шоу-бағдарламалардан аз уақытқа болса да қол үзіп, білікті мамандар даярлайтын мектептер ашу керек шығар?!", - деп қорытындылайды басылым.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1111705-golovkin-men-uydtinh-kezdesuin-zhurgiz/