Назарбаев Оралхан Бөкейдің прозасынан үзінді оқыған студентке ақ батасын берді

Опубликовано:

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық универсиетінің студенті Альмира Сайлаубекова бір күннің ішінде өз қатарластары арасында танымал болып кетті.

Өткен жұмадағы сенбілік кезінде ол күтпеген жерден Нұрсұлтан Назарбаевтың өтініші бойынша өлең оқып, елбасының батасын алды деп хабарлайды Вaq.kz.

Университеттің баспасөз қызметі Альмираны тауып алып, тарихи кездесудің қыр-сырын білді.

«Өткен сенбілік кезінде «Мәңгілік ел» монументіне елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев күтпеген жерден келіп, журналистерге сұхбат берді. Содан соң біздің Еуразия ұлттық университетінің студенттерінің жанына келіп тоқтады. Мен алдыңғы қатарда тұрған едім, елбасы «Қай оқу орнынан боласыңдар?» деп сұрады. Біз іргесін өзі қалаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен, оның ішінде филология факультеті, қазақ тілі және әдебиет мамандығынан екенімізді жеткіздік. Нұрсұлтан Әбішұлы күлімдеп қарап тұрды да: «ал ендеше, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығынан болсаңдар кез-келген ақынның өлеңін оқып беріңдерші» деп сұрады. Сол кезде ойланбастан «мен оқып берейін» деп жауап бердім. Ойыма Оралхан Бөкейдің «Тортай мінген ақ боз ат» деген прозасы түсті де, үзіндісін оқи жөнелдім. Елбасымыз тыңдап тұрды да «кітаптың бәрін жаттап алғансың ба?» деп күлді. Сосын: «Міне, көрдің бе, осы шығармада қаншалықты өнеге жатыр. Қыздарымыз ата-анасының рұқсатынсыз шешім қабылдамаған, ата-анасын сыйлаған. Сендер де ата-аналарыңды сыйлап, құрметтеңдер. Ата-ана ешуақытта баласына жамандық тілемейді» деп, ақыл-кеңестерін айтты. Ал маған: «Қызым, өркенің өссін!» деп ақ батасын берді. Сол кезде ойладым, елбасымыз қандай ақылды кісі деп, өйткені мен прозаны оқығанда бар ынта-ықыласымен тыңдап, қорытындысын айтты. Өте қуаныштымын, елбасымызбен кездесіп, шығарма оқып бергеніме және батасын алғаныма», - дейді Альмира Сайлаубекова.

Артынан журналистер Альмираға жолығып; «Сіз қалай оқып бердіңіз? Сізді алдын ала дайындаған ба?», - деп сұраған екен.

«Мен оларға мәнерлеп оқу сайыстарына бір емес, бірнеше мәрте қатысқанымды, Көкшетау қаласында өткен облыстық Оралхан Бөкей шығармаларын оқу байқауында жүлделі орын иеленгенімді және Мұқағали Мақатаевтың поэзиялық кештерінде І орын алғанымды айтып бердім. Ал бұған бірі сенді, бәлкім бірі сенбеген болар. Ал шындығында солай, мен айтқандай. Ал Астана қаласында өткен биылғы қалалық сенбілік, әсіресе, мен үшін есте қалар ерекше күн елбасыдан бата алған күн болды», - деді студент бойжеткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1112155-nazarbaev-oralkhan-bokeydinh-prozasyn/