Ақтөбелік шенділер тұрғындардан "жер сатылады" деп "ойбайламауды" сұрады

Опубликовано:

Ақтөбелік шенділер Атырауда өткен тұрғындар жиынынының қайталанбауы үшін түсіндіру жұмыстарына көшті. Жер қатынастары мен жердің қорғалуын бақылайтын басшылар үстел басына келіп жаңа заңның тиімділігін түсіндірді. Баспасөз мәслихатына қаланың белсенді тұрғындары да қатысуға мүмкіндік алды.

Бұл туралы аймақтағы NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

«Шетелдіктерге жер сатылмайды. Бұрын 10 жыл болса, қазір 25 жылға жалға беріледі. Заң қабылдайтын білікті адамдар бар. Барлық мәселе қаралады, «ойбайға» салуға болмайды. Берілген жер керек болса, үкімет қайтып алады. Заңның 87-ші бабында ол көрсетілген. Одан қорқатын түгі жоқ. Бір миллионнан көп жерді қайтардық деп отырмыз, ол жерге адамдар түк те жасаған жоқ. Жердің құнарлылығы жылдан жылға төмендеп барады. Жер - Ана дейміз, оған түк бермей жатсақ оны не қыламыз?! Оны құрметтеу керек, ақша салу керек, сүю керек онсыз тағы болмайды», - дейді Ақтөбе облысының жер қатынастары басқармасының басшысы Қабай Сарсеғалиев.

Басшының бұл сөзіне жиналғандар құлақ аса қойған жоқ.

«Жер - Ана дейміз. Сонда анамызда аукционға салып сатамыз ба? Жауап беріңіз. Жер ешқандай адамның меншігінде болмау керек, ол мемлекет меншігінде болу керек», - дейді Көшкінбай Ахметов.

Облыстық жер қатынастарын басқарған басшылардан өңірде ауылшаруашылығынан басқа мақсатта жерді жалға алған шетелдіктердің бар жоғы сұралынды.

«Ақтөбеде шетелдік компанияға жалға берілген жерлер бар. Олар «СНПС Ақтөбе мұнай газ», КМК мұнай, қазақ-түрік мұнай. Оларға келісім шарт түрімен жалға берілген. Олар - жер қойнауын пайдаланушылар. Ауылшаруашылық жерлері шетелдіктерде жоқ», - дейді Қабай Сарсеғалиев.

Тұрғындар облыстың деңгейдегі басқарма басшысынан заңға өзгеріс жасауды талап етумен болды.

«Ертең жерді Ақтөбе қаласындағы бір фирма сатып алады, оның қожайыны Алматыда болады. Ол да заңды тұлға, ол жақты тексерсең оның қожайыны Қытайда отырады. Жүйе осылай он айналдырып алдайды, тәжірибеде бар нәрсе. Оны мұнай компанияларынан да білуге болады. Дәл осындай жайт ертең ауылшаруашылық жерлерін жалға беруде де қайталанады»,- дейді өзін Атырау облысының тумасымын деп таныстырған тұрғын.

«Жер Кодексінде көптеген өзгерістер еніп жатыр. 2012 жылдан бері 190 мың гектар үкіметке қайтарылды. Ауылшаруашылық, коммерциялық жерлерді қайтарып жатырмыз, бәрі заң алдында бірдей. Жер учаскелері Қазақстан Республикасының тұрғындарына беріледі. Шетелдіктерге тек 25 жылға дейін жалға беріледі. Бірақ, ол жерлердің құнарлылығы үнемі бақылауда болады. Жыл басынан бері біздің басқарма 248 мың гектар жерге 238 тексеріс жүргізді. Оның ішінде 152 жер учаскесінде заң бұзушылық анықталып, 7 млн 115 мың теңгеге айыппұл салынды», - дейді Ақтөбе облысының жерді пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі басқарма басшысы Нұрлан Наурызбаев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1112750-aqtobelik-shendiler-turghyndardan-zher/