Білім министрлігі мектептегі пәндер санын қысқартады

Опубликовано:

Биылғы жылдан бастап елімізде білім жүйесіне жаңартылған оқу бағдарламасы кезең-кезеңімен енгізіле бастайды. Осыған орай алдағы жылдары мектеп оқушылары оқитын пәндер біртіндеп қысқартылмақ.

Бұл туралы бүгін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтіп жатқан халыққа есеп беру кездесуінде Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев айтты, деп хабарлайды BNews.kz тілшісі.

«Білім беру саласындағы сынақтар аяқталды. 10 мың бала жаңартылған оқу бағдарламалары бойынша білім алды. Олардың нәтижесі өте жақсы. Сынақтар жүргізілген мектептерде кезек 20-25 оқушыға дейін жетеді», - деді министр.

Оның айтуынша, сынақтар жүргізілген мектептерде білім сапасы әлдеқайда жақсы. Бұған оқушылардың елдегі және шетелдегі жоғары оқу орындарына түсіп, «Болашақ» бағдарламасына өтуі дәлел.

«Енді осы жаңартылған білім мазмұны республикадағы барлық 7,5 мың мектепте енгізіледі. Жаңартылған бағдарламаға сәйкес пәндер саны қысқартылады. Атап өтсем, жоғары сыныптарда 18-19-дан 13-14-ке дейін қысқарады. Бұл оқушылар үшін де, ұстаздар үшін де жақсы», - деген пікірде Ерлан Сағадиев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1113789-bilim-ministrligi-mekteptegi-pander/