ШҚО-да пайда болған қар адамы жұртты шошытуда

Опубликовано:

Шығыс Қазақстан облысында қар адамы пайда болды. Белгісіз тіршілік иесі бірнеше жергілікті тұрғынның көзіне шалынған деп хабарлайды 24.kz.

Шаруалардың айтуынша, «тағы адам» олардың малдарын ұрлайды екен. Алтай тауын қар адамы мекендейтіні туралы бұрыннан айтылып жүр. Алайда бүгінгі күнге дейін бұл тек алыпқашпа сөз болып келген. Енді қар адамын көрген куәгерлер бар. Жергілікті тұрғынның бірі жабайы тіршілік иесін кешкісін қорадағы малдарын түгендеп жүргенде кездестірген. Ол түсініксіз бір дыбысты естіп, сол дауыс шыққан жаққа барғанда, қораның екінші бұрышынан үсті-басын қалың түк басқан ірі адам қойлардың бірін іліп алып, қоршаудан секіріп өтіп, тауға қарай із суытқан.

Куәгердің айтуынша, шақырылмаған қонақтың бойы екі метрден асады. Қолдары ерекше ұзын, жүрісі маймылға ұқсайды. Ал таңертең қора маңынан адамның іздері мен қанды көреді. Із адам ізіне ұқсас болғанымен, көлемі үлкен. Қазір арнайы топ жасақталып, қар адамын іздеу үшін тауға аттанған.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, малдары жиі жоғалады. Алайда олар бұған дейін кінәні ұрыларға аударып келген. Енді ауыл тұрғындары белгісіз тіршілік иесін қолға түсіруді ойлап отыр. Себебі қойларының ұрланғанына емес, балалары үшін қауіптенеді. Өйткені ірі әрі күшті жаратылыс иесінен бала тұрмақ үлкен адамның өзі қашып құтыла алмайды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1114916-shqo-da-payda-bolghan-qar-adamy-zhurtty-sho/