Танымал айтыс ақыны дағдарыс кезінде қонақ үйде тұрған депутаттарға шүйлікті
Опубликовано:
Танымал айтыс ақыны Айбек Қалиев бес жұлдызды қонақ үйде жатып, ауылға бармайтын депутаттарды сынға алды.
Бұл туралы ол "Қостанай таңы" басылымына берген кең көлемді сұхбатында айтқан.
"Депутаттардың аузына неге ақындар сөз салып беруі керек? Халықтың атынан сайланды ма, өзі сайланған аймақтың жай-жапсарын, тұрмыс-тіршілігін, халықтың жағдайын ол депутат бес саусағындай білуге міндетті. Депутаттың жұмысын неге ақындар атқарады? Дағдарыс жан-жақтан қысып жатқан қиын шақта күніне 120 мың теңгелік бес жұлдызды қонақ үйде жата бермей, елді араласын, жай-күйімен таныссын, шешілмей жатқан түйткілді мәселелерді биік мінберден көтерсін", - дейді айтыскер ақын.
Сонымен қатар, ақын қоғамды жайлаған батыстық санаға қалай қарсы тұру керектігі туралы ойымен бөлісті.
"Батыстық санаға қарсы тұру үшін Қазақстанның әрбір тұрғыны тек қана қазақ тілінде сөйлеуі қажет, өкінішке орай бұл тек жалаң утопия ғана болып тұр. Тілдің мәселесін көтеріп жүрген кісілердің өздері де жалықты-ау деймін. Өйткені, айтқаныңды құлағына қыстырып жатқан жан жоқ. Өткен жолы мектептерде қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихынан басқа сабақтардың барлығы орыс, ағылшын тілінде жүргізіледі деген мәселеге қатысты әлеуметтік желі шулап кетіп еді. Қазір жер мәселесі бірінші орынға шықты да, тіл бәсеңсіп қалды. Не істеу керектігін нақты айта алмаймын. Білетінім – мектепті ағылшын тіліне көшіру, жерді сату немесе жалға беру қазаққа, Қазақстанның тәуелсіздігіне қауіп төндіретін әрекет", - деп атап өтті Айбек Қалиев.
Естеріңізде болса, Айбек Қалиев тікелей эфирде елбасыға дат айтып, халықтың есінде қалған болатын. Ақын аталған айтысты да еске алып өтті.
"Бұл 2004 жылы «Жекпе-жек» айтыста айтылды. Ол кезде «Жекпе-жек» айтыс тікелей эфирден берілетін. Қазақ қоғамындағы күйіп тұрған мәселелерді осы тікелей эфирді пайдаланып, айтып қалғым келді, оның үстіне елбасының туған інісі Болат Назарбаев та сол айтыста көрермендер арасында отырған-тын. «Жер туралы заңның» қабылданғалы жатқаны бар, «Ауыл жылдары» деп аталған науқанға бөлінген мол қаражаттың «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетіп жатқан кезі болатын. Мен қазақтың дәстүрі бойынша жер, ауыл, тіл мен дін мәселесін дат ретінде айттым. Бұл мәселелер әлі де күн тәртібінен түскен жоқ. Қазіргі айтысты сараласақ, бірінші болып айтқандығымнан шығар ел есінде қалғаны, әйтпесе, оның «көкесіндей» даттарды ақындар айтыс сайын айтып жүр", - дейді ақын.
Оқи отырыңыздар:
Балғынбек Имашев: Жердің сатылмауына мүдделі бір адам болса, ол – елбасымыз
Қазақ өнерінің өкілдері жердің сатылуына тойтарыс бермек (фото)
Бүркіт: Халқымыздың бейбіт өміріне көз тігіп жүргендер молшылық
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1116107-tanymal-aytys-aqyny-daghdarys-kezinde/