Батысқазақстандық бойжеткен Англияда жеке кәсібін қалай ашқанын баяндады

Опубликовано:

Батысқазақстандық ару Айман 10 жыл бұрын Ұлыбританияға көшіп кеткен. Ол бұл жерде өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Лондонда тұратын бойжеткен авторлық заттар дайындаумен айналысады.

Бұл бойжеткен туралы видеоблогер kuan7777 өзінің YouTube парақшасында баяндаған.

"Ол Ұлыбританияға отбасымен көшіп келді. Сол кезде ірі компанияда аудармашы болып жұмыс істейтін. Дегенмен, шығармашылық қабілетіне ден қойып, тұрақты жұмысынан бас тартуға бел буды. Жаңа дүние құрмақ болған ару "қазақ қызы" деген брендті қалыптастырды", - дейді видеоблогер.

"Мен мұнда отбасыммен 2007 жылы көшіп келдім. Жұмысқа тұрдым. Балаларым мектепке барды. Біртіндеп бұл елге үйреніп кеттік. Маған бұл жерде ауа райынан бастап, көп тұстары ұнайды. Мұнда бар жағдай жасалған. Егер жұмыс істеп, тырысатын болсаң, заңға бағынсаң, өз жоспарыңды іске асырғың келсе, оған барлық жағдай қарастырылған. Осы тұрғыдан бұл ел маған ұнайды", - дейді бойжеткен.

Айман бұл елде өзіне ұнамайтын тұстары болғанын жасырмады.

"Бұл жерде кейбіріне ұнамай қалуы мүмкін тұстар жетерлік, бірақ мен оларды қалыпты жағдай ретінде қабылдаймын. Екі аптада бір рет дәрігерге, айына бір рет дантиске (тіс дәрігеріне) қаралу керектігі ұнамайтын. Ал бүгін оған етім үйренгені соншалық, басқаша болуын елестете де алмаймын. Бәрін алдын ала біліп отыру жақсы деп ойлаймын. Бұл елде мен бәрін алдын ала жоспарлауға үйрендім", - дейді ол.

"Батыс Қазақстанда, Пугачево ауылында дүниеге келгенмін. Анам - сәулетші, әкем инженер-құрылысшы", - дейді Айман.

Айман бос уақытында сурет салғанды ұнатады. Өз суретіне Vasya лақап атын жазады. Себебі, атасының есімі Василий болатын.

"Бала кезімде мектепке қарасты шығармашылық студиясында керамика, сурет салу, ағашқа ойып жазумен айналысатынмын. Мектептен алған білімім мол", - дейді Айман.

Айманның шеберханасынан түрлі құралдар табуға болады. Ол шеберханасында таң атқаннан, кеш батқанға дейін жұмыс істейді.

Ұлыбританияда бойжеткенге жалғыз жетпейтіні - жақындарының жылуы.

"Анам мен әпкелерімді сағындым. Бауырсақ жеп, анаммен бір дастарханда әңгімелескен жетпей жүр", - дейді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1118098-batysqazaqstandyq-boyzhetken-angliyad/