Қазақстандық аспаздарды АҚШ-тың азық-түліктері есеңгіретіп тастады

Опубликовано:

Қазақстандық аспаздар алғаш рет АҚШ-та өткен ұлттық тағамдар фестиваліне қатысты. Соның аясында шеберлік сабағын да өткізді. Алайда, аспаздарымыз жат жерде ұлттық тағамдарды дайындаймыз деп әбден әбігерге түскен.

Бұл туралы 24.kz хабарлайды.

Дәмді әрі құнарлы, алуан түрлі қазақтың ұлттық тағамы Нью-Йоркте дайындалды. Қазы-қарта мен жая асылды. Дастарқанға ыстық бауырсақ төгілді. Қазан-қазан қуырдақ та таратылды. Дегенмен, аспаздармыздың бұл сапары сынаққа толы болды.

"Мұнда айырмашылық жетерлік екен. Тұзы татымсыз, қанты тәтті емес, бұрышы ащы емес. Ал, ет пен балықтан шөптердің дәмі шығады. Бізде еттің де, балықтың да дәмі басқаша. Біз үшін бастысы ұн болды. Бұл жақтың ұны да басқа. Қиналғанымызды білсеңіздер! Ақырында ұнның бірнеше түрін алып бауырсақ пен шелпек, еттің қамырын илеп көрдік. Тырысып бақтық", - дейді СІМ бас аспазы Елмұрат Ысқақов.

Астанадағы «Шатуш» мейрамханасының бас аспазы Жанна Байсалбаеваның айтуынша, қамыр Қазақстандағыдай болмаған.

"Әйтеуір амалдап шықтық. Қазақстанда ұсынып жүрген тағамдай қылып дайындауға тырыстық. Қолымыздан келген сияқты. Көкөністен дайындалған ас ұсындық. Ет пен асқабақ қосылған самса қатты ұнаған сияқты. Ал, астауды арнайы ет салу үшін алып келгенбіз", - деді ол.

Аспаздар мұхит асып алыста жүрсе де, тамақтың бірнеше түрін ұсынған.

"8 түрлі ыстық, 12 салқын тамақ, салаттың 4 түрін ұсындық. Ет, қуырдақ, сірне, ысталған қозының еті, бекіре тартылды. Құрт, жент, ірімшік те болды. Ірімшікпен қиналдық. Сүттің іріп, сосын оның бірігуі қиын болды", - дейді Астанадағы «Шатуш» мейрамханасының бас аспазы Жанна Байсалбаева.

Дегенмен қазақстандық аспаздардың қолынан шыққан тағамдар шетелдіктерге ұнаған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1118153-qazaqstandyq-aspazdardy-aqsh-tynh-azyq/