Африкалық саяхатшы қазақтардың кең пейілі мен дархан көңіліне риза болды

Опубликовано:

Оңтүстік Африка республикасынан келген саяхатшы Дэвид Клинтон қазақстандықтарға үлкен ризашылығын білдіріп, еліне ерекше әсермен оралмақ деп хабарлайды Алматы арнасы.

Жиһанкез елімізге екі рет келіп, екі сапарында да сәтсіздікке ұшыраған. Бірінші рет 2015 жылы қонаққа келген. Бірақ алғашқы сапары кезінде көлігі бұзылып, жайсыз жағдай орын алыпты. Сондықтан машинасын елімізде тастап кетуге мәжбүр болыпты.  9 айдан кейін саяхатшы Қазақстанға қайта оралған.

Дегенмен екінші сапары кезінде де Дэвид қиындыққа тап болған. 22 сәуірде "Қарағанды-Алматы" тас жолында апатқа ұшыраған. Көлігі аударылып қалған. Бұл жолы да қазақтардың көмегімен далада қалмапты.  Абырой болғанда, өзі дін аман. Жиһанкез Дэвид Клинтон 5 жыл көлемінде әлемді аралап келеді.

Бастапқыда  саяхаты Оңтүстік Америкадан басталған, кейін жоспарын түбегейлі өзгертіпті. Сөйтіп Жапонияға бағыт алған. Саяхатшы Қазақстанның табиғатына ғашық болғандығын айтады. Дэвид қазақтардың кең пейілі мен дархан көңіліне дән риза. Өйткені оқиға орын ала салған күннен бастап көптеген мейірімді жандар көмектесіпті. Тіпті кейбіреулері қоңырау шалса, енді біреулері үйлеріне қонаққа шақырған.

"Қиын жағдайға тап болғанда, қасымнан табылған қазақстандық жанашырларыма көптен-көп алғыс білдіремін. Бір емес, екі рет осындай жағдайға тап болғанымда, жанымнан табылды. Тамағын ұсынып, киім-кешек кигізді. Жапан түзде жалғыз қалмадым. Ал Қазақстан десе, көз алдыма әрине алдымен "асылған ет" елестейді. Өйткені қазақтардың ұлттық тағамдары өте дәмді. Кейін маған Алматы қаласындағы Шымбұлақ, Көктөбе сияқты орындар қатты ұнайды. Амандық болса, қайта ораламын",- деді  саяхатшы Дэвид Клинтон.

Осыған дейін Дэвид Клинтон көлігіндегі бар затын ел-жұртқа сатпақ болған. Бірақ оны ешкім сатып алмапты. Есесіне, көлігін тегін жөндеуге көмектесіп, еліне қайтуға көмектескен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1119385-afrikalyq-sayakhatshy-qazaqtardynh-kenh-p/