Ресейлік ветеринар Алматы зообағындағы жолбарысты азаптан құтқару үшін оны өлтіруді ұсынды

Опубликовано:

 «Алматы хайуанаттар бағына көмек» қорының шақыртуымен зообақ жануарларын тексеруге келген мәскеулік ветеринарлық дәрігер өз болжамын айтты.

Оның айтуынша, Құралай атты амур жолбарысына енді ешкім көмек көрсете алмайды деп хабарлайды Қазақпарат.

«2016 жылы наурызда түскен рентген түсірілімін, талдауын қарап шықтым. Жануар азып-тозып, өлімнің аз-ақ алдында тұр. Қозғалыс жоқ. Ыдыстағы тамаққа жақындаған да жоқ. Оның өмірін арашалап қалу мүмкін емес. Жануарды ұйықтату керек. Қант талдауы көрсеткендей, лейкоциттер төмендеп кеткен. Негізгі бронхтары мен тамырлары зақымданған. Ұзақ жатыстан жамбасы ойылып кеткен. Лимфоидтік ұлпаның онкологиялық зақымдануына ұқсайды», - деді Михаил Альшинецкий.

Дәрігер ветеринарлық зерттеулердің әуел бастан неге жасалмағанына таң қалды.

«Неге басынан қан талдауы, тағы басқа зерттеулер жасалмаған? Жануарды емдеуге мүлде көмегі тимейтін дәрілік заттар пайдаланылған. Амур тигрлері өте ірі, төзімді жыртқыштар. Олар табиғаттың қатаң жағдайына бейімделген. Сондықтан олардың өлімі де ұзаққа созылуы мүмкін», - деді ол.

Сарапшы ең дұрыс шешім жануарды өлтіру деп санайды.

«Алматы зообағы EAZA мүшесі болғандықтан этикалық кодексті сақтай отырып, Құралайды азаптан құтқару керек», - деді ол.

Талма ауруына шалдыққан Раданың денсаулығы да (амур жолбарысы) қаралды.

Маманның айтуынша, Раданың эпилептикалық ұстамалары мида ісіктің пайда болуынан болуы ықтимал.

«Мидағы өзгерістерден соң жолбарыс өз құйрығын өзі кемірген. Антибиотик терапиясын бір ай бойы жалғастыру керек. Жыртқыштың басын магниттік резонанстық томографқа түсіру керек. Сондай-ақ, қанның жалпылама талдауын жасау шарт. Талмаға қарсы терапияны да тоқтатпау керек», - деді ол.

Жануарлар жөніндегі маман ақ аю Алькордың бассейнін жиі жаңартып тұру керектігін айтты.

«Басына өсіп шыққан ісікті зерттеп, сынған тісін алып тастау болмаса ары қарай емдеу үшін рентген түсіру керек», - деді сарапшы.

Айта кету керек, бұған дейін Алматы хайуанаттар бағындағы күрделі ахуал туралы айтылған болатын. Осы уақытқа дейін зообақта алты қар барысы, бір шимпанзе өлгені анықталды.

Ал, соңғы кезде Құралай мен Рада атты амур жолбарыстары мен Алькор атты поляр аюының денсаулығы сыр берген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1119541-almaty-zoobaghyndaghy-auru-zholbarysty/