Ескі төлқұжатқа ие қазақстандықтар шетелге шыға алмайды

Опубликовано:

Жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) жоқ ұлттық төлқұжаттар жарамсыз болып табылады, олардың иелері мемлекеттік шекарадан өткізілмейді.

Бұл туралы Қазақстандық туристік қауымдастығына сілтеме жасап Қазақпарат хабарлайды.

«Азаматтардың Қазақстан шекарасы арқылы өткізілмеуіне байланысты шағымдар мен кикілжің жағдайларды болдырмау мақсатында шекарадан асуды жоспарлап отырған Қазақстан азаматтарының жеке басын куәландыратын құжаттарында ЖСН жазылмаса, ҚР-ның «Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» Заңының 7-бабындағы 2-бөліміне, сондай-ақ ҚР-ның «Сәйкестендіру нөмірлерінің ұлттық тізілімдемелері туралы» Заңының 13-бабындағы 3-бөліміне сәйкес олар жарамсыз болып танылады. Осылайша, қалыптастырылған ЖСН жазылмаған құжаттарды ұсынған Қазақстан азаматтары Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өткізілмейді. Мұндай құжаттар ҚР-дың «Мемлекеттік шекара туралы» Заңындағы 66-баптың 9-бөліміне сәйкес тәркіленеді», - деп хабарлайды қауымдастық Шекара қызметінің хабарламасына сілтеме жасап.

ҚТҚ Шекара қызметімен консультация өткізгенін хабарлады.

"Шамамен 2004 жылға дейін шығарылған ескі үлгідегі төлқұжаттарда беттің оң жағында төлқұжат иесінің жынысы көрсетілген жерде ЖСН туралы ақпарат жоқ. Бірақ та бұл ақпарат машинамен есептелген төмендегі жолдарда тегі, есімі, төлқұжат нөмірі, туған жылы кері тәртіппен жазылған, сондай-ақ жынысы, төлқұжаттың шығарылған күні және соңғы 12 сан - бұл қалыптастырылған ЖСН нөмірді білдіреді”, – деп хабарлады қауымдастық.

Ал жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) жоқ Қазақстан азаматтары мемлекеттік шекара арқылы өткізілмейді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1119891-eski-tolquzhatqa-ie-qazaqstandyqtar-sh/