Сарбаздың өмірін сақтап қалған Ұлттық ұлан полковнигі мемлекеттік наградаға ұсынылды

Опубликовано:

Ұлттық ұлан полковнигі Қайрат Үмбетов ерлігі үшін мемлекеттік наградаға ұсынылды деп хабарлайды 24.kz.

Естеріңізге сала кетейік, оқу-жаттығу кезінде граната окоптың ішінде жарылып, қайсар мінезді Қайрат Үмбетов сарбазды денесімен жауып, оның өмірін сақтап қалған болатын. Оқыс оқиға Қарабас кентіндегі оқу орталығында болған. Қатардағы жауынгер Абзал Сұлтанқұлов әскери жаттығу барысында РГД-5 гранатасын нысанаға лақтыруы тиіс болатын. Алайда жарылғыш зат окоптан әрі ұшпай, аяғының астына түскен. Осы кезде сарбаздың жанында болған полковник Қайрат Үмбетов оны денесімен жапқан. Дене жарақаттарын алған жанның іс-әрекеті бүгінде жастарға үлгі-өнеге.

Жарылыстан аман қалған сарбаз Абзал Сұлтанқұлов көпбалалы отбасында дүниеге келген. Өзінен кейін бес бауыры бар. Былтыр жоғары оқу орнында оқып жүрсе де, «борышымды өтеп келем» деп әскерге аттанған екен.

"Жарылғанын ұзақ күткен сияқтымын. Бірақ 2 секундта жарылды. Тұрып қашып кетем бе деген ой болды. Үлгермейтін едім. Полковник Үмбетов мені астына басып, құтқарып қалды", - дейді 6505 әскери бөлімінің сарбазы Абзал Сұлтанқұлов.

Ерлігін қызметтік міндетім деп санаған Қайрат Үмбетовтің бүгінде денсаулығы бірқалыпты. «Қазір күнделікті дәрігерлердің тексерісінен өтіп тұрамын, еңбекке жарамды деген құжат берсе, қызметіме қайта кірісуге дайынмын», - дейді ол.

"Мен оны ерлік деп санамаймын. Сол жағдайда болған кезде ойлануға уақыт деген болмайды. Мақсатымыз – қоластымыздағы әскерді сақтап қалу. Оны осы әскери бөлімнің әр офицері орындайды деп ойлаймын", - дейді 65/05 әскери бөлімінің штаб басшысы Қайрат Үмбетов.

Қайрат Үмбетов қызмет ететін 65/05 әскери бөлімі биыл 50 жылдық мерейтойын атап өтпек. Аталмыш әскери бөлімнің қызметкерлері арасында ісімен көзге түсіп, «Айбын», «Ерлігі үшін сынды» мемлекеттік марапаттарға ие болған батырлар баршылық.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1120107-sarbazdy-denesimen-zhauyp-onynh-omirin/