Алматылық келіншек он баласын айына 130 мың теңгеге бағып отыр

Опубликовано:

Алматы тұрғыны Айнұр Арғынбекова он баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеп отырғаны үшін 2010 жылы "Алтын алқа" жүлдесін иеленген деп хабарлайды NUR.KZ порталы.

Белгілі болғандай, бұл жүлдені табыстағаннан кейін әйелге мемлекет тарапынан ешқандай көмек көрсетілмеген. Айнұрдың сөзіне сенсек, бүгінде ол он баласы мен ІІ топ мүгедегі болғандықтан, жұмыссыз отырған күйеуін екі жұмыстан табатын 130 мың теңге жалақысына асырап отыр. Әйел таңертеңнен кешке дейін тазалаушы ретінде жұмыс істейді.

Айнұр әр жалақысынан 40 мың теңгесі пәтерақысына кететінін айтуда. Олар екі бөлмесі және кішігірім асүйі бар үйде тұрады. Жалға алынған үйдің ақысынан бөлек, электр қуаты үшін төлемдер бар.

Көпбалалы ана мемлекеттің ешқандай көмек көрсетпейтінін айтуда. Мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтерге кезекте тұрғандарына жеті жылдан асқан. Кезегі айтарлықтай жылжи қоймаған, 1400-1500-ші орында тұрғандарына бірнеше жыл болды.

Әйел Алматы қаласының әкімдігіне көмек сұрап жүгінген. Үлкен кеңседе оны қабылдап, назын тыңдап, басын изеп қайтарған. Алайда, ақыры ешқандай көмек болмаған. Соған қарамастан, Айнұр мемлекеттің оны қамқорсыз қалдырмайтынынан үмітті.

NUR.KZ порталы бұл мәселе бойынша қалалық әкімдікке журналистік өтінім жолдаған болатын. Алайда ешқандай жауап келмеді.

Айнұр қызының кеңесімен NUR.KZ редакциясына жағдайды баяндауға бел буған.

Артем Миусовтың материалынан аударылды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1120310-almatyda-ana-balasyn-ayyna-130-mynh-tenh/