Ақтөбелік соғыс ардагеріне 71 жылдан соң "Қызыл жұлдыз" ордені табысталды

Опубликовано:

Ақтөбеде Ұлы Отан соғысының ардагері 71 жылдан соң "Қызыл Жұлдыз" орденін кеудесіне тақты. Минаш Садулов қоян-қолтық ұрыста 16 немісті тұтқынға алып, 11 фашистің көзін жойған.

Бұл туралы Керек-инфо хабарлайды.

Минаш Садулов Ақтөбе қаласында тұрады. 9 мамырда 93 жасқа толады. ҰОС қатысқан ардагер балаларына ешқашан соғыс туралы тіс жармаған. Соғыста ерлігі үшін "Қызыл Жұлдыз" орденіне ұсынылған. Алайда, кеудесіне тақпаған. Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай немересі Аян Садулов атасы туралы ақпаратты білмек болып, Ресей  Қорғаныс министрлігінің сайтын қарап шығады.

"Өткен жылы атам жайлы мәлімет білмек болып, интернетті ақтардым. Үлкен кісілерден ол кісінің тек барлау-шы, взвод командирі болғанын ғана білетінбіз. Онда “Қызыл Жұлдыз” Орденімен де марапатталғаны, Кенигсберг қаласында қоян-қолтық ұрыста 16 немісті тұтқынға алып, 11 фашистің көзін жойғандығы жазылыпты. Барлық мәліметтерді үйдің үлкендеріне жеткіздім. Содан,құзырлы органдарға шықтық. Атам өзі Иманғали Тасмағамбетовпен хабарласты", - дейді немересі Аян Садулов.

Минаш ақсақал Қарабұтақта туып өскен. 1942 жылы, 19 жасында әкесімен бірге соғысқа аттанады. Белоруссияға бірге келіп, екеуі екі жақты бетке алады. Сарбаздың әкесі соғыстан қайтып оралмаған.

Минаш Садулов қоян-қолтық ұрыста ерекше ерлігімен көзге түскен. 1945 жылы Кенигсберг қаласын басып алу кезінде 16 немісті тұтқынға алып, 11 немістің көзін жойған.

Соғыстан аман-сау еліне жеткен соң, Қарабұтақта инспектор болып жұмыс істеген. 1948 жылы Мәртөктің Жайсаң деген жеріне көшіп келеді. Сол жақта мал бағады. Зейнетке шыққанға дейін малшы болған. Үлкен ұлы Фауаддин Садуловтың айтуынша, әкесі соғыс жайлы тіс жармаған.

"Әкеміз бізге сұрапыл соғыс жайлы ешқашан тісжарған емес. Сұрай бастасақ, "ештеңе білмеймін" деп жылы жауып, қоя салатын. "Қызыл Жұлдыз" Орденімен марапатталғанын, ерліктері жайлы да былтыр ғана естідік. Қазір интернет жақсы болды ғой. Аян барлық мәліметті интернеттен тауып алды. Көзі тірі кезінде "Қызыл Жұлдыз" Орденін кеудесіне таққанына өте қуаныштымыз", - дейді үлкен ұлы Фауаддин қария.

5 мамыр күні Ресей Федерациясының Орал қаласындағы бас консулдығының хатшысы Артем Максимов ақтөбелік ардагерге "Қызыл Жұлдыз"  Орденін табыстады.

"Сыртқы істер министрлігінің шешімімен "Қызыл Жұлдыз" ордені ҰОС ардагері Минаш Садуловқа табысталды. Соғыста көрсеткен ерлігін дәлелдейтін мұрағат құжаттары бар. Онда орденге ұсынылғаны, бірақ табысталмағаны жайлы анық жазылған", - деді өз сөзінде Артем Максимов.

9 мамыр күні 93 жасқа толатын Минаш ақсақалдың 4 ұл, 2 қызы бар. Бүгінде 8 немере, 17 шөбере сүйіп отыр

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1121440-aqtobelik-soghys-ardagerine-71-zhyldan/