Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Елімізде науқасқа селсоқ қарап, шәлкес мінез танытатын дәрігерлер көбейген

Опубликовано:

Адам денсаулығына көңіл бөлініп, барлық заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған бүгінгі заманда ақ халаттылардың этикалық мәдениеті төмендеп барады.

Бұл туралы NUR.KZ тілшісіне Ақтөбе облысының бас дәрігері мәлімдеді.

«Бұрын халықтан түсетін шағымның мазмұны медициналық қызметтің қол жетімсіздігіне, дәрі-дәрмектің, диагноз жасайтын құралдың жоқтығына байланысты еді. Қазіргі күні халық дәрігер мен науқас арасындағы медициналық этика жөнінде көп айтады. Науқасқа аз көңіл бөлу, селқос қарау, дөрекі сөйлеуге қатысты шағымдар көбейді. Мен айына сараптама жасап отырамын», - дейді Ақтөбе облыстық ауруханасының бас дәрігері Самат Данияров.

Самат Бағдатұлы өмірге селқос қарайтын қоғамның кеселі дәрігерлерді де айналып өтпегенін айтты

«Ауруханада кім жұмыс істейді? Ғарыштан ешкім ұшып келген жоқ. Осы қоғамда қандай кесел, қандай дөрекі адамдар бар болса, сол адамдар осы ауруханада да жұмыс істейді. Жасыратын ештеңесі жоқ, адамның аласы да, құласы да бар. Әсіресе, оқуды жаңадан бітіріп келген жастармен тәрбие жұмысын ұдайы өткізіп отырмыз», - дейді ол.

Медициналық оқу орнын үздік дипломмен бітірген жас мамандардың арасында қиын мінездерінің кесірінен жұмыс істей алмай, шығып кеткендер болған.

«Менде аурухана ашылғанда лаборант болмады. Медициналық колледжге барып, қызыл дипломмен бітірген 10 қызды таңдап алдым. Екі жарым жыл ішінде оның жетеуі ғана қалды, үшеуі кетті. Үздік дипломмен бітірсе де, біреуінің мінезі шәлкес, айналасымен тіл табыса алмады. Біреуі діни көзқарастағы қыз болды. Ол орамал тағып келіп: «Мен ер адамдардан қан алмаймын. Мен тек қана әйелдерден аламын. Маған осындай жағдай жаса», - деп отырып алды.  Үшіншісі жұмыс істей алмады. Анализді жазғанда жиі қате жіберді. Қалған қыздарым жұлынып тұр, бір-бірімен таласып жұмыс істеуде. 23 жастағы қыз 85 мың айлық алады, үйін бағады. Жақсы емес пе?», - дейді Ақтөбе облыстық ауруханасының бас дәрігері Самат Данияров.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1126740-elimizde-nauqasqa-selsoq-qarap-shalke/