Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Алматы облысында ұстаз ақша жинауға қарсы шыққаны үшін қудалауға түскенін айтты

Опубликовано:

Алматы облысы Іле ауданы №17 орта мектебінің ұстазы Айнұр Күленбаева «мектептердегі сыбайлас жемқорлық бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткенін» айтуда деп хабарлайды dalanews.kz.

"Мен – ұстазбын. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін. 16 жылдық өтілім бар. Әрі көпбалалы анамын. Алматы облысы Іле ауданындағы №17 орта мектепте сабақ беремін. Айтайын дегенім, мектептегі жемқорлық. Ақша жинау. Осы уақытқа дейін шыдап бақтым. Түсінгенім, үндемеген үйдей бәледен құтылмайды. Керісінше, үндемеген сайын мойныңа мініп алады. "Мектептерде ата-аналар мен ұстаздардан ақша жиналмасын!" деген заң бар екен. Бірақ, оның орындалуын кім бақылап жатыр? Ақша әлі де жиналуда… Мен соның құрбаны болдым", - дейді ұстаз Айнұр Күленбаева.

Ұстаз ақша жинауға қарсы шықса, қудалауға түсіретінін алға тартты.

"Ақша қоспадың екен, қудалайды. Айтылған күні кешке дейін тауып беру керексің. Кешіктің екен, директордың «қара тізіміне» ілігесің. Іліктің екен, одан қайтып шығу қиын. Қудалау қалай жүреді, айтайын ба? Алдымен ұстаздардың атынан арыз түсіреді, артынан ата-аналарды саған қарсы қояды. Не үшін? Сені жұмыстан шығару үшін. Айтқан ақшасын дер кезінде әкеп тапсырмағаның үшін алатын жазаң осындай", - дейді ол.

Күленбаева былтырғы жылы қыркүйек айының 15-нен бастап мектеп директоры Мәрия Шакарова жан алқымынан алғанын айтып, ағынан жарылды.

"Қазан айында аттестациялық комиссия келеді. Соған бір-екі күн мұрсат берем, әр мұғалім 27 мың теңгеден жинайсыңдар. 20 мыңды қалталарына саламыз. 5 мыңды тамағына жұмсаймыз. 2 мың жолдарына кетеді" деді. Мен бере алмадым. Өйткені ақшам жоқ. Тапқан табысым тамақтан артылмайды. 27 мың теңге – мен үшін үлкен ақша. Осыны айтып директорға кірдім. "Зарплатадан берейін. Күте тұрыңыздар" деп. Мектептерде әдістеме бірлестігінің жетекшілері болады... Айтайын дегенім, директорлар ақшаны тікелей жинамайды. Осы жетекшілер арқылы жинайды. Директор жиналыста осы кісілерге "тапсырма" береді. Олар бізден талап етеді. Тапсырмағандардың тізімін береді. Осылайша қудалау басталады. ", - деп жалғастырды ұстаз.

Мұғалім ақша тапсыруды кешіктіргені үшін "қара тізімге" енгенін сөз етті.

"Директордың жалақыға дейін күтпейтіні белгілі еді. Ақша тапсыруды кешіктірген мен "қара тізімге" ендім. Директордың "сенімді адамдары" болады. Қолшоқпарлары. Айдауымен жүріп, айтқанына көнетіндер. Солар "бүлдіреді" бәрін. Қажетті ақшасын дер кезінде тауып бере алмағасын, мені қудалай бастады. "Сенімді адамдар" ата-аналардың атынан маған шағым түсірді. Бір-екі рет себепсізден сабағымның үстіне кіріп келді. Амалым қалмағасын қарыз сұрадым. Тапқаным – 10 мың", - деп мұңын шақты Күленбаева.

Толық ақшасын бере алмаған ұстаз директордан қысым көргесін, жылап жібергенін де жасырмады.

"Бұл кісі бізге былтырғы жылдың сәуір айында келген. Келе сала екі мұғалімді жұмыстан шығарды. Себеп табылды. Ақшаны дер кезінде тапсырмаған мені жұмыстан шығару "жоспары" жасалды. Ал маған жұмыс керек. Артымда бес балам бар. Қазір алтыншысына жүктімін. Маған жала жапты. "Балалардан шоколад сұрайды. Сабақ үстінде әңгіме айтып отырады" деді.  Мен "Дәлелдеңіздер!" дедім және осы сөзімде тұрдым. Бірақ, мені кім тыңдасын? Айыптау үшін оларға дәлел де керек емес", - дейді ұстаз.

Ақыры Күленбаева құзырлы органдарға шағымданған.

"Директорды (Мәрия Шакарованы айтамын) ұстады. Ұстаған кезде ол өз-өзіне қол жұмсапты. Директордың ақша жинағанына нақты дәлел тапқан құзырлы органдар оны «7 жылға сотталады» деді. Оның өз-өзіне қол жұмсағанын естіп шошым кеттім. Аяғым ауыр әрі біреудің обалына қалдым ба деген ой мазалады. Кейін құзырлы органның басшысына кіріп, шағымымды өзгерттім. "Шешімді жұмсартсын" дедім. Ешкім күштеген жоқ. Аядым. Маған иттік жасады, кешірдім", - деп жалғастырды әйел.

Ұстаз содан кейін директорының мұғалім болып мектепке қайта оралғанын айтуда.

"Ең қызығы ол қайта оралды. Бұрынғы мектебіне мұғалім ретінде қайта орналасты. Және маған қарсы күрес жүргізуге қайта кірісті. Оның бұрынғы көмекшілері маған қарсы қайта жұмылды. Шынымды айтайын, шаршадым. Сабақ беремін бе, әлде соттасамын ба? Қайсысымен жүремін? Кеткен директордың орнына жаңасы келді (аты-жөні: Жанат Имашева). Бірақ ол да бұрынғы директордың, қазіргі мұғалімнің айтқанынан шықпайды. Бұл директорды да маған қарсы қойды. Өткен айда ғана маған арыз түсірді", - дейді Күленбаева.

Мұғалім қазірдің өзінде мектептің ішін жөндейміз деп ата-аналардан мың-екі мың теңгеден жинатып жатқанын алға тартты.

"Біздің мектепте 2 мыңға тарта бала оқиды. Есептеңіз, әр баладан 2 мың теңгеден жинағанда 2 млн теңгеге шығады. Жоғарыда айтқан комиссияға мектебіміздегі 150-ге тарта мұғалім 27 мың теңгеден жинап берді. Есептей беріңіз… Мені қудалағалы бері бұрындары араласып-құраласып жүретін ұстаздар қасыма жолаудан, сөйлесуден қорқады. Тіпті, бірге отырып тамақ ішуге де қаймығады. Үркітіп тастаған.  Іштей жақтасады, көмектері сол. Менің жағдайымды осы газеттен оқыған болса, Алматы облысы Білім басқармасының басшысы мұны назарға алады және тиісті шешім шығарады деген сенімдемін", - деп сөзін аяқтады ұстаз.

Тағы да оқыңыздар:

Биыл Қазақстанда бөлінетін білім гранттарының саны белгілі болды

Мұхтар Тайжан: Халықтың ұстанымы айқын, жерімізді не сатуға, не жалға беруге болмайды

ШҚО-да жоғалып кеткен 14 жастағы қызды көршісі өлтірген болуы мүмкін

Елімізде 2 жылдан соң барлық жәрдемақылар алынып тасталады

Оңтүстікте жоғалған студент қызды туыстары шарқ ұрып іздеп таппай жатыр

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1127698-almaty-oblysynda-ustaz-aqsha-zhinaugha-q/